Қазақстандық боксшылар Литвадағы халықаралық турнирде 6 алтын жеңіп алды
Литваның Каунас қаласында бокстан өткен Альгирдас Шоцикас атындағы халықаралық турнирдің финалында Қазақстан құрамасынан тоғыз боксшы шаршы алаңға шығып, оның алтауы алтын медаль иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, 57 келіге дейінгі салмақта Асылжан Серікбай украиналық Денис Роздольскиді екі рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен ұтты.
- 63,5 келі салмақта ирландиялық Паул Хэйл Джон жекпе-жектен бас тартып, Жандос Қыдырәлиев тағы бір алтын медальды иеленді.
- 67 келі салмақта Елнұр Сүйінбай Польша өкілі Кирилл Глобенкодан басым түсті.
- 71 келі салмақта отандасымыз Фарух Тоқтасынов соңғы жекпе-жегінде украиналық Максим Молоданны жеңіп кетті.
- 75 келі салмақта Азамат Бектас тағы бір Польша өкілі Михал Ярлинскиді сан соқтырса, 80 келі салмақта Тұрсынбай Құлахмет британдық Рамтин Мусадан басым екенін дәлелдей алды.
Ал шешуші жекпе-жекте Нұрсұлтан Алтынбек (54 кг), Алмат Әбдуәли (60 кг) және Абзал Құттыбеков (86 кг) төрешілер шешімімен қарсыластарына жол берді.
Осылайша, жерлестеріміз аталған халықаралық турнирде 6 алтын, 3 күміс, 2 қола медальге ие болды.