Алтын өндірілетін кен орындарында бақылауды күшейту керек – сенатор
Елімізде жылына шамамен 25 тонна алтын заңсыз өндіріледі. Бұл туралы сенат депутаты Андрей Лукин депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатор депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.
Бас прокуратураның мәліметінше, ішкі істер органдары бағалы металдардың заңсыз айналымы мен өндірілуі және ұрлануына байланысты соңғы 4 жылда 133 қылмыстық істі тіркеген. Қазір елімізде алтын өндіретін 42 кәсіпорын бар. Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, 2020-2023 жылдар аралығында алтынның заңсыз айналымы деректері бойынша 7 қылмыстық іс тергеліп, 4 іс сотқа жолданды. Шығын 1,5 млрд теңгеден асты, — деді Андрей Лукин.
Оның айтуынша, алтын өндірілетін кен орындарында бақылауды күшейтіп, бейнекамералар орнату керек.
Шамамен заңды түрде өндірілген әрбір 3 тонна алтынға заңсыз өндірілген 1 тонна алтын қатар жүреді. Демек елімізде шамамен 25 тонна алтын заңсыз өндіріледі. Сондықтан алтын кен орындарына бақылауды күшейту керек. Онда қосымша бейнебақылау камераларын орнату, шахта ұңғыларына талшықты-оптикалық желі байланысын салу, кіру алаңына бақылау жүйесін енгізу, тексеру кешенін пайдалану, қоршау орнату, автоматты түрде анықтау құралын енгізу керек, — деді Андрей Лукин.