Баласына екпе салдырудан бас тартқан астаналық ата-аналардың 44 пайызы ойын өзгерткен
Баласына екпе салдырудан бас тартқан астаналық аналардың 44 пайызы кейінгі екі айда вакцинаның маңызды екенін түсінген. Елорданың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова осындай дерек келтірді.
«Астана қаласында вакцинациядан бас тарту және медициналық қарсы көрсетілімі бар адамдардың саны бойынша мұқият талдау жүргізілді. 2023 жылдың соңында олардың саны тиісінше 5764 және 3468 болды. Ата-аналармен жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 2559 ата-ана тарапынан вакцинациялаудың маңыздылығын түсініп, балаларына екпе салдырды. Осылайша бас тартқан ата-аналар санының 44,4 пайызы тарапынан түсіністікке қол жеткізілді. 2024 жылғы 28 наурыздағы жағдай бойынша медициналық қарсы көрсетілім бар балалардың 64%-ы вакцинациямен қамтылған», — деді ол брифингіде.
Маманның айтуынша, жыл басынан бері вакцинамен басқарылатын үш инфекция бойынша сырқаттану деңгейі өсукені байқалып отыр. Атап айтсақ, қызылша 764 жағдайға, көкжөтел 80 жағдайға, вирустық А гепатиті 2 есе артқан.
«2 айда қызылшаның 764 расталған жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 519 жағдай, екпе алмағандар арасында 501 жағдай, егу мәртебесі белгісіздер арасында жағдай болды. Бүгінгі таңда қызылша, көкжөтел және вирустық А гепатиті бойынша сырқаттану деңгейінің өсуіне жоспарлы иммундаумен төмен деңгейде қамтылу, ата-аналардың баласына вакцина салдырудан бас тартуы, вакцинаның тиімділігі туралы қате пікірдегі адамдардың көбеюі сияқты факторлар бірден-бір себеп болып отыр. Осының барлығы бүгінгі эпидемиологиялық жағдайға әкелді», — деді Сархат Бейсенова.