Жайылым жердің көлемі 742 мың гектарға артады
Халықтың пайдаланатын жайылым жердің көлемі 742 мың га немесе 21% артады. Түркістан облысы аумағындағы жайылым жерлерді қайтарудың 5 бағыттық қадамдық алгоритм жобасы әзірленді. Облыс әкімінің тапсырмасымен дайындалған алгоритм бойынша жайылым тапшылығы орын алған 152 елді мекендер маңындағы халықтың мұқтажына алынатын учаскелер анықталып, басымдылық берілді. Бұл туралы өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте айтылды.
Отырыста облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Самат Рамазанов жер саласына қатысты берілген тапсырманың орындалуы туралы баяндады. Бекітілген іс-жоспарға сәйкес, ағымдағы жылы І-жарты жылдықта 66,4 мың га ІІ — жарты жылдықта 63,2 мың га, жалпы 130 мың гектарға жуық жайылымдық жерлерді халықтың мұқтажына алу жоспарлануда. Алынатын учаскелер нақтыланып жатыр. Нәтижесінде жыл соңына дейін халықтың пайдаланатын жайылым жерлердің көлемі 742 мың га немесе 21% артпақ. Жалпы Түркістан облысында 3 млн 200 мың гектар жайылымдық жер бар.
Жайылым жерлерді елді мекендер шегіне енгізу жолымен ауыл округтері әкімдерінің тікелей жауапкершілігіне беріледі. Тұрғындардың басқа да мұқтаждығына қажет болған жерді жергілікті қоғамдық бақылау ұйымдарының келісімі қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар халықты жайылым жермен толық қамтылғанша тұрақты бақылауда.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте Түркістан қаласы аумағын көгалдандыру бойынша атқарылған жұмыстардың барысы жайлы жауапты басқарма басшылары баяндады. Қаланы көгалдандыру үшін облыс аудандары мен басқармалары 32 секторға бөлінген. Әр сектор 10 мыңға дейін ағаш көшеттерін отырғызып, су жүйесін орнатып, ұңғымалар қазып, насостар қоюда. Газон егіп, жаңбырлатып суару жүйесін енгізуде. Қала аумағында терек, қарағаш, шырша, шаған, арша, үйеңкі ағаштары отырғызылды. Желден қорғау мақсатында ағаш тіреуіштер орнатылып, төрт жағынан жіппен тартылды. Алда ағаштарды паспорттау басталады. Бұдан бөлек, жол бойына гүл егетін құмыралар орнатылып, жарықтандырылатын болады. Веложолдар төселіп, көшелерде жарық шамдар, қоқыс жәшіктері мен ыңғайлы орындықтар орнатылды. Бұл аумақтарда тұрақты түрде сенбілік жұмыстары жүргізілуде.
Апталық мәжілісте облыстағы су тасқыны жағдайы баяндалды. Апаттың алдын алу мақсатында жалпы төрт жыл көлемінде 71 шқ қорғаныс дамбасы, 75 шқ астам өзендердің бойында арна түзету мен жаға бекіту, 262 шқ каналдарды жөндеуден өткізіп, 430 шқ коллекторлар механикалық тазартудан өткізілді. Ақсүмбе, Бақырлы, Ащы су қоймалары күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, Сырдария өзені бойындағы 22 елді мекенді қаматамысыз етіп отырған «Үлкен су» дабыл беру жүйесі қайта жаңғыртылды. «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені» Жол картасының жобасына 20 іс-шара енгізіліп, жағалауды нығайту, түзету жұмыстарының уақытылы аяқталуы бақылауда болады. Көктемгі су тасқынын алдын алуға қажетті құрал-жабдық қоры жасақталып, облыс аумағындағы азаматтық қорғау құрылымдарының 5 мыңнан астам жеке құрамы, 1 мыңнан астам техникасы дайындыққа келтірілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі