Қызғалдақ даласы: Түркістан топырағы түкті кілем секілді құлпырып тұр

0

 Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылының жанындағы бидай алқабы қызғалдақ аймағына айналды.

Жергілікті тұрғынның меншігіндегі 100 гектар аумаққа грейг қызғалдағы өсіп шықты. Жол жиегінде құлпырып тұрған дала гүлін көрген жолаушылар арнайы тоқтап, суретке түсіп жатыр. Тіпті табиғаттың тамаша сәтін көруге қаладан арнайы келушілер де көп. Ал алдағы бірер аптада Түлкібас ауданына қарасты Шұбайқызыл шоқысында да қызғалдақтар гүлдеп, аумаққа әсем көрініс сыйлайды.

«Жалпы, өңірде қызғалдақ алқабы жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл дала гүлінің мемлекеттік деңгейде қорғауға алынуынан және халықтың экологиялық білімінің артуынан деп білемін. Тәртіп сақшылары мен орманшылар тәулік бойы бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлушыларға 3000 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 800 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту көзделген немесе 3 жылға бас бостандығынан айырылады. Бұнан бөлек, жақын арада жабайы қызғалдақтар да өсіп шығады» — деді Сырдария-Түркістан МӨТП ғылыми қызметкері Ғани Назарбек.

Бүгінде тәртіп сақшылары мен орман шаруашылығының мамандары бірлесіп алқаптарда өсіп тұрған қызғалдақтарды қорғау жұмыстарын атқарып жатыр. Әсіресе, қызықтауға келген азаматтарға қызғалдақты жұлуға болмайтынын түсіндіріп жатыр.


ПІКІР ЖАЗУ