Қауiптi аумақтарда тұратын педагогтерге қосымша ақылы демалыс қалай беріледі
Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті педагогтердің еңбек демалысы туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы
Демалыс – бұл қызметкердің жұмыс орнын (лауазымын) және орташа жалақысын сақтай отырып, жыл сайынғы демалысын қамтамасыз ету үшін қызметкерді белгілі бір мерзімге жұмыстан босату (ҚР Еңбек кодексінің 1-бабы).
Демалыс түрлері:
— жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысы;
— жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалысы.
Педагогтердің еңбек демалысының ұзақтығы-56 күнтізбелік күн («Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңның 12-бабы).
Білім беру ұйымдары қызметкерлерінің басқа санаттары үшін еңбек демалысы:
30 күнтізбелік күн – әкімшілік-шаруашылық персонал үшін;
24 күнтізбелік күн – техникалық персонал үшін.
Педагогке демалыс беру кезінде нақты жұмыс істеген уақыт, сондай-ақ жұмыс істеген уақыттың кезеңі ескеріледі.
Егер педагог білім беру ұйымында бір жылдан аз жұмыс істеген болса, онда демалыс күндері жұмыс істеген кезең (ай) негізінде есептеледі.
Демалыс күндерінің нақты саны 56 күнтізбелік күнді 12 айға бөлу және нақты жұмыс істеген айлар санына көбейту арқылы есептеледі.
Мысалы: егер жұмыс істеген кезең:
1) педагог 9 ай жұмыс істесе (2022 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың мамырына дейін), демалыстың ұзақтығы 42 күнді құрайды (56 күн. / 12 ай. * 9 ай. = 42 күн);
2) педагог 5 ай жұмыс істесе (2023 жылдың қаңтарынан мамырына дейін),
демалыстың ұзақтығы 24 күнді құрайды (56 күн. / 12 ай. * 5 ай. = 24 күн).
Жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалыстары
Қосымша ақылы жыл сайынғы еңбек демалыстары (Еңбек кодексінің 89-бабы):
1) Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес ұзақтығы күнтізбелік алты күннен кем емес ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлерге беріледі
2) ұзақтығы кемінде алты күнтізбелік күн болатын бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға.
Қызметкерлердің өзге де санаттарына жыл сайынғы қосымша демалыс беру және оның ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленуі мүмкін
Жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалыстары
Мысалдар:
1) Экологиялық қолайсыз аумақтарда («Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңы) тұратын педагогтерге жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс төмендегідей белгіленеді:
— экологиялық апат аймағы бойынша — 12 күнтізбелік күн;
— экологиялық дағдарыс аймағы бойынша — 9 күнтізбелік күн;
— экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақ бойынша — 7 күнтізбелік күн.
2) Радиациялық қауiптi аумақтарда («Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңы) тұратын педагогтерге жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс төмендегідей белгіленеді:
— төтенше радиациялық қауiптi аймақ бойынша — 14 күнтізбелік күн;
— ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша — 12 күнтізбелік күн;
— жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша — 10 күнтізбелік күн;
— ең төмен радиациялық қауiптi аймақ бойынша — 7 күнтізбелік күн;
— жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ бойынша 5 күнтізбелік күн.
Демалыс беру кезінде сауықтыруға арналған жәрдемақы
Педагогтерге азаматтық қызметші ретінде сауықтыруға арналған жәрдемақы күнтізбелік жылы бір рет ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы берілген кезде бір лауазымдық жалақы мөлшерінде төленеді (Еңбек Кодексі 139-бабы ).
Ерекшелік: педагогтерге сауықтыру жәрдемақысының мөлшерін есептеу, олардың демалыс берілген күнгі нақты жүктемесін ескере отырып (тарифтеуге сәйкес), бірақ қосымша ақылар мен үстемеақыларды есепке алмай педагогтердің лауазымдық жалақысының мөлшерінде жүргізіледі.
Лауазымдарды қатар атқарған кезде, яғни қосымша жұмысты (не уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін) өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындаған кезде, және ол үшін педагогке қосымша ақы төленетіе болса, сауықтыруға арналған жәрдемақы төленбейді.
Лауазымдарды қоса атқарған кезде, яғни, жеке еңбек шартының талаптары бойынша негізгі жұмыстан бос уақытта басқа тұрақты ақылы жұмысты орындау кезінде сауықтыруға арналған жәрдемақы негізгі жұмыс үшін де, қосымша жұмыс үшін де бөлек төленуі керек.
Мұғалімнің міндеті
- Педагогикалық этика мен еңбек тәртібін сақтау
- МЖМБС сәйкес оқытылатын пәннің ерекшелігін ескере отырып, оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуді жүзеге асыру
- Білім алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, оқытудың жаңа тәсілдерін, тиімді нысандарын, әдістері мен құралдарын пайдалану
- Білім беру процесі кезеңінде білім алушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету
- Білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, академиялық адалдық қағидаттарын үйрету
- Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өртке қарсы қорғау ережелерін сақтау
- Кәсіби құзыреттілікті арттыру