Қазақстан мен Қытай қылмыстық істер бойынша бір-біріне көмектеседі

0

 Сенатор Амангелді Толамисов палатаның жалпы отырысында осы мәселеге қатысты заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенатордың айтуынша, ұсынылып отырған заң арқылы 1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау көзделеді.

Хаттамаға 2023 жылғы 17 мамырда Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында қол қойылған.

Хаттаманың негізгі мақсаты – екі ел азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарын қорғауға бағытталған Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың тәртібін тағы бір мәрте нақтылау.

Атап айтқанда, Хаттамамен құқықтық көмек көрсету кезіндегі Тараптардың қарым-қатынас тәртібін анықтайтын шарттың 2-бабына өзгерістер енгізілді. Өзгерістерге сәйкес, азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы өтінішпен жүгінген кезде өзара қатынас жасалатын Тараптардың орталық мекемелерінің қатары Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты, Қытай Халық Республикасы тарапынан – мемлекеттің Жоғарғы Халық Сотымен толықтырылды. Осылайша, Хаттамамен өзара қарым-қатынас жасайтын орталық мекемелер ретінде Қазақстан тарапынан Жоғарғы сот, Бас прокуратура және Әділет министрлігі айқындалған болса, Қытай тарапынан Әділет министрлігі, Жоғарғы Халық прокуратурасы және Жоғарғы Халық Соты белгіленген, — деді Амангелді Толамисов.

Сонымен қатар Хаттамамен шарттың тараптары орталық мекемелері өзгерген жағдайда ол туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда дереу хабардар етуге міндеттеледі.

Шартқа енгізілген өзгерістер екі ел азаматтары мен заңды тұлғаларының жеке және мүліктік құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін тезірек шешуге ықпал етеді.

Сондай-ақ азаматтарға құқықтық даулар мен басқа да құқықтық мәселелер туындаған жағдайда қажетті құжаттарды рәсімдеу мен басқа да құқықтық көмек алуларына негіз болады. Мысалы, статистикаға тоқталатын болсақ, 2022-23 жылдары аралығында құқықтық көмек көрсету бойынша екі ел арасында 76 өтініш түсіп, сұрау жіберілді, оның ішінде Қытай тарапынан 10, Қазақстан тарапынан 66, — деп түсіндірді ол.

Сенат депутаты атап өткендей, бүгінгі таңда Қазақстан алыс және жақын шет мемлекеттерімен азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы 17 халықаралық шартты ратификациялаған.

Құжатты талқылап болғаннан кейін сенаторлар «1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.


ПІКІР ЖАЗУ