Қызылқоғада су шайған жолдар қалпына келтірілуде
Қызылқоғада тасқын салдарынан су шайған жолдар мен көпірлер қалпына келтірілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі таңда тасқын кезінде бүлінген автомобиль жолдары мен көпірлер уақытша қалпына келтіріліп, көлік қатынасы реттелді.
Көктемгі тасқын кезінде Қызылқоға ауданы аумағындағы 245,4 шақырым болатын “Сағыз — Миялы — Қарабау” бағытындағы автомобиль жолының 2,5 шақырымы және осы жол бойында орналасқан көпірлерді тасқын су шайып кеткен болатын.
Сондай ақ, «Миялы-Қарабау» бағытындағы жолдың 750 метр аумағын су басып, Кенен көпірінің 15 метр бөлігі бұзылды. Тасқын су салдарынан Көздіғара көпірі де зақымданған. Бүлінген нысандар жергілікті бюджет есебінен толықтай қайта қалпына келтіріледі. Қазіргі уақытта Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде» делінген Қызылқоға ауданы әкімдігінің мәліметінде.