Түркістанда ХІ жазғы универсиада ойындарының ашылу салтанаты өтті

0

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, «Түркістан — түркі әлемінің рухани астанасы» атануы және ХҚТУ-ің 30 жылдығына арналған Қазақстан Республикасының ХІ жазғы Универсиада ойындары басталды. Түркістан қаласында өткен Универсиаданың ашылу салтанатында ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Тастанбек Есентаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов құттықтау сөз сөйлеп, дүбірлі додаға қатысушыларға сәттілік тіледі. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Универсиаданың ашылуына орай құттықтауын жолдады.

«Қымбатты жас достар, Универсиада қатысушылары! Сіздерді Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған Қазақстан Республикасының XI жазғы Универсиадасының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Спорттық сайыстар — бойға қуат, жүрекке сенім, білекке күш беретін рухты әлем. Сол себепті студенттердің спорт мерекесі жаңарған Түркістан өңіріне тарту болды деп есептейміз! Қадірлі спортсүйер жас достар, сіздерді елімізге, тіпті әлемге танымал дарабоз спорт саңлақтарының қатарынан көргім келеді. Баршаңызға спортта ғана емес, оқуда да еліміздің игілігіне бағытталған табыстар мен жоғары жетістіктер тілеймін!» делінген құттықтауда.

ХІ жазғы Универсиада — 30 спорт түрінен 37 жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен мықтыларды біріктірген ауқымды спорттық-бұқаралық жоба. Еліміздің 25 университеттің студенттері өзара сайысқа түсті.Универсиада аясындағы жарыстар Нұр-сұлтан, Алматы, Түркістан, Тараз, Қостанай, Өскеменде өтуде. Шара барысында барлық карантин талаптары сақталады. Спортшылар ПТР тестінен кейін жарысқа жіберіледі. Универсиаданың мақсаты – өскелең ұрпаққа сапалы білім беру бағытында ақыл ойы зерек, дүниетанымы кең, салауатты ұрпақ қалыптастыру. Универсиада маусым айына дейін жалғасады. Жеңімпаздар 2022 жылы Қытайда өтетін Дүниежүзілік жазғы Универсиадаға Қазақстан Республикасы студенттер құрама командасы сапында қатысып, ел намысын қорғайды.

 


ПІКІР ЖАЗУ