Баспана, жоғары жалақы: Қай сала қызметкерлеріне қандай жағдай жасамақ
Елімізде машина жасау саласы соңғы жылдары дамып келеді. Алайда әлі де кадр жетіспеушілігі сезіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«СемАЗ» ЖШС коммерциялық директоры Диас Уәлиев қандай мамандар жетіспейтінін және мәселені шешу үшін кәсіпорын қандай шара қолданып жатқанын айтып берді.
Қазір бізде электриктерге, дәнекерлеушілерге және басқа да мамандарға тапшылық сезіліп жатыр. Десе де кәсіпорындар кадр тапшылығын шешу шараларын қолға алып келеді. Мысалы, біз кейбір студенттердің төлемін қамтамасыз ету үшін өз қаражатымызды салып жатырмыз, сонымен қатар өз қызметкерлерімізге жалға берілетін тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз, — дейді сарапшы.
Ол бұл жаңа кадрларды тартуға септігін тигізеді деп есептейді.
Жаңа адамдарды тарту үшін біз оларға жағдай жасауды жоспарлап отырмыз. Дәлірек айтқанда, сатып алу құқығымен жалға берілетін үйлер салуды бастау. Қазір жоғары пайыздық мөлшерлемелерге байланысты үй сатып алу өте қиын. Ал біз өзіміз үй салып, өз қызметкерлерімізді қамтамасыз етуге дайынбыз, — дейді Диас Уәлиев.
Сарапшының айтуынша, елімізде коммерциялық техника өндірісі дамып келеді. Сөзінше, оның дамуы үшін мемлекеттік қолдаудың маңызы зор.
Дегенмен басқа елдерден осыған ұқсас жабдықтың әкелінуі қазақстандық өндірушілердің өндірісіне әсер етеді. Бүгінде мемлекет бізге жақсы қолдау көрсетіп келеді, бірақ белгілі себептермен өндірістегі жұмыс көлемі 100 пайыз емес, 60-70 пайызды құрап отыр. Бірақ біздегідей дайын жабдықтың сырттан келуіне байланысты бұл шығарылатын техниканың санын азайтады, — деп түсіндірді Уалиев.
Оның айтуынша, автомобиль өнеркәсібінің табысты дамуы шағын бизнеске оң әсер етеді. Ірі кәсіпорындарға өндірісті қамтамасыз ете алатын шағын ұйымдар қажет.