Елімізде 17,9 млн га ауыл шаруашылығы жерлеріне егін егілді
Павлодар облысы әкімдігінде ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен көктемгі дала жұмыстарын жүргізу мәселелері және мемлекеттік қолдау шаралары қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
Кеңеске Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов, қаржы институттары мен агроқұрылымдардың басшылары, аудан әкімдері қатысты.
Жиынға қатысушылар Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау, оның ішінде 5 жыл ішінде жалпы АгроӨнім көлемін 2 есеге ұлғайту, өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізу бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылады.
Облыс әкімі Асаин Байханов көктемгі егіс жұмыстарының барысы туралы айтып, биылғымаусымның күрделі кезеңіне қарамастан, фермерлер көктемгі дала жұмыстарын сәтті жүргізіп, 15 маусымға дейін аяқтайтынын атап өтті. Майлы және жемшөп дақылдарының егістігін кеңейту есебінен биыл егіс алқабы 20 мың гектарға ұлғайтылып, 1,7 млн гектарды құрайды.
Облыс 175 мың тонна көлемінде тұқыммен толық қамтамасыз етілген. 17 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Арзандатылған дизель отынын жөнелту кесте бойынша жеткілікті мөлшерде жүргізіледі. 27 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды, — деді өңір басшысы.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров барлық өңірлерде егіс жұмыстары жүргізіліп жатқанын, бүгінгі күнге дейіе 17,9 млн га егіс алқабына дәнді, көкөніс, жемшөп, майлы дақылдар, картоп, қант қызылшасы мен мақта егілгенін атап өтті.
Биыл 15 мамырдан бастап дизель отынын бөлу ережелеріне өзгерістер енгізілді.
Жалпы, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 376,0 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді, өңірлерге 274,4 мың тонна (73%) жөнелтілді. Әкімдіктер мен фермерлердің өтініштері бойынша дақыл түрлері бойынша және бір гектарға дизель отыны шығысының бірыңғай базалық нормативтері алынып тасталды. Егер бұрын дәнді дақылдар бойынша нормативтер 1 гектарға 15 литрді құраса, қазір орта есеппен 17-18 литрді құрайды. Бұл өзгерістер дизель отынын биылғы егін жинау жұмыстарына бөлу кезінде күшіне енеді.
Тыңайтқыштарға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында отандық тыңайтқыштар үшін субсидиялаудың 60% ұлғайтылған нормативін көздейтін аванстық субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілді. Сонымен қатар, бөліп төлеу мәселесі отандық тыңайтқыш өндірушілермен пысықталды.