Шымкент: Шомылу маусымына дайындық жұмыстары басталды

0

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Жәнібек Кәрімбаев мәлім етті.

– Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы және құзырлы органдарымен бірлесіп, шомылу маусымы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар іс-шараны атқарды. Яғни, су нысандары мен су шаруашылық құрылыстарында жаппай демалу, туризм және спорт орындары белгіленді. Бұл қала әкімінің Қаулысымен «Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» ММ, Шымкент қаласының Экология департаменті және Шымкент қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық департаментімен келісіліп, бекітілді, – деді Ж.Кәрімбаев.

Спикердің сөзінше, қазіргі таңда қала аумағында 5 демалыс аймағы белгіленген:

– Тоғыс су қоймасындағы «Холодильник» демалыс орны;
– Бадам су қоймасындағы «Рахат Бадам» демалыс орны;
– Қошқар ата өзенінің бастауы;
– Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағындағы көл;
– «Жайлаукөл» (Тұлпар). Ескертетін жайт, аталған демалыс аймақтарының иелері демалушылардың қауіпсіздігіне тікелей жауапты болады.

Брифингте белгілі болғандай суға шомылу маусымында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Департаменттің 55 құтқарушысы жүзеге асырады. Бұл ретте қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында Департамент қызметкерлері өз құзыреті шеңберінде күнделікті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Ширатып жеткізсек, қала көлемінде «Қауіпсіз жаз» акциясы аясында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мақалалар жарияланып, сұхбаттар ұйымдастырылып және халықпен әңгімелесу жұмыстары жүргізіліп отыр.

Жәнібек Тұрлыбекұлының айтуынша, Шымкент қалалық Білім басқармасымен бірлесіп, «Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында WhatsApp әлеуметтік желілері арқылы мектептер мен балабақшалардың «Ата-аналар» топтарына жаднамалар мен бейнероликтер орналастыру жүзеге асырылуда. Ал аудан әкімдіктерімен бірлесіп, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларының балаларын суға шомылу орындарында шомылуға тегін үйрету бойынша бассейндердің иелерімен меморандум жасау көзделіп отыр.

Айта кетейік, Төтенше жағдайлар департаменті аудан әкімдерімен бірлесіп, қалада суға бату фактілерін болдырмау мақсатында тыйым салынған 25 жерді анықтап, бекітуге ұсынған.


ПІКІР ЖАЗУ