«Қазақстандағы интернет сапасы Жапониядан жақсы». Бұл қаншалықты рас?
Қазақстанда интернет сапасы көптің жүйкесін жұқартып келеді. Биыл бес айда интернет байланысына қатысты 11 мыңға жуық шағым түсіп үлгерген. Бүгін үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Жаслан Мәдиев интернет сапасы жөнінде сөз қозғап, оның шешу жолдары туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Интернет жылдамдығы бойынша рейтинг не дейді?
2024 жылдың сәуір айындағы Speedtest Ookla деректеріне сүйенсек, Қазақстан интернеттің орташа жылдамдығы бойынша 66 орынға тұрақтаған.
Ал дәл қазіргі таңда Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша Speedtest рейтингінде 64-ші орында тұр. Жапония 65-ші, Марокко 66-шы, Израиль 67-ші, Түркия 68-ші, Грузия 69-шы және Ирландия 70-ші орынға жайғасқан.
Рейтингтің басында Қатар, БАӘ және Кувейт орналасқан.
Қазақстан +77 телефон кодында қалады
Жаслан Мәдиев Қазақстан +997 кодына ауыспайтынын айтты. Оның айтуынша, +77 телефон коды көпке ыңғайлы болып отыр.
Қанша қаражат кеткенін қазір айта алмаймын. Бірақ телефон коды арнайы консультация мен сараптама бойынша +77 кодын дұрыс деп шештік, – деді ол.
Интернет сапасы қашан артады?
Соңғы уақытта елімізде интернет тарифтері 60 пайызға қымбаттады деген ақпарат тарады. Бұл өз кезегінде сапалы интернетті талап еткен қоғам белсенділерін одан әрі ашулардырды. Оған Цифрлық саласының министрі былай деп жауап қатты:
Тарифтердің өскені жайлы осындай фактілер бар. “Билайнмен” тарифтердің өсуіне қарай cashback мөлшері жөнінде келісім жасап жатырмыз. Кейін басқа да операторлармен жұмыс жүргіземіз, – деді ол.
БАҚ өкілі Цифрлық даму министріне «Сіздерге үкімет интернет сапасын жақсарту үшін 3 ай уақыт берді. Токиодағыдай интернетке жеткізе аласыздар ба?» деп сұрады.
Біз бүгін нақты шараларды ұсындық. Интернет сапасын жақсарту үшін 3 ай уақыт берілді. Шараларды қолға алып, жұмысқа кірісеміз. Біздің басқа амалымыз да жоқ, – деді Мәдиев.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда 6 290 ауыл бар, оның ішінде сымды интернет арқылы оптика 2 606 ауылға жеткізілді. Ұлттық жоба шеңберінде МЖӘ тетігі арқылы 3010 ауылға оптикалық байланыс желілерін қосу көзделуде. «Соңғы» тұтынушы болмаған жағдайда шағын және орта байланыс операторларының күрделі шығындарының 50 пайыз субсидиялау тетігі пайдаланылады. Нәтижесінде 2,4 млн адамның интернетке қолжетімділігін қамтамасыз етілмек.
Елімізде байланыс операторларынан 340 млрд теңгеден астам көлемде жеке инвестиция тарту көзделіп отыр. Мобильді интернет бүгінде 4 866 ауылда қолжетімді. Салық жеңілдіктері аясында 2023 жылы 1 161 ауыл 4G технологиясына қосылды. Қалған 1 424 ауыл бойынша жұмыс жалғасуда.
Қазақстанда 1424 ауылда мобильді интернет жоқ
Байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелерінде 1 076 ауылды интернетпен қамтамасыз ету көзделген.
5G технологиясын одан әрі дамытуға қатысты Кселл және Теле2-мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында 5G-ді дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыратын болады. Бүгінгі таңда 20 қалада 1 144 базалық станция орнатылған, — деді ведомство басшысы.
Министрдің сөзіне сенсек, елімізге 5G ұялы байланысын енгізу 2025-ші жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.
2027-ші жылдың соңына дейін байланыс операторларының салаға салатын инвестицияларының көлемі 450 миллиард теңгеден асатын болады, — деді ол.
Қазақстан Apple кеңсесін ашу мақсатында келіссөздер жүргізіп жатыр
Біздің стратегиямыздың аясында Қазақстанның цифрлық хабқа айналуы үшін мұндай компаниялардың, құзыреттер мен технологиялардың біздің елде болуы әркез жақсы. Бүгінгі таңда Apple компаниясымен Astana Hub базасында зертхананың болуы туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Тіркелген реселлер бола алатын бірқатар компания бар, — деді Жаслан Мәдиев.
Каспий теңізі арқылы интернет тартылып жатыр
Жобаны «Қазақтелеком» мен «Әзіртелеком» іске асырады. Қос елдің байланыс операторларының инвестициясы 23 млрд теңгеден асады. Бүгінгі таңда су астындағы ТОБЖ-ды (талшықты оптикалық байланыс желісі) жобалау және төсеу үшін мердігерді таңдау бойынша тендер аяқталуға жақын. Оның ұзындығы шамамен 370 шақырым болады. Нақты ұзындығы теңізде жобалау-іздестіру жұмысы нәтижесінде анықталады. Кем дегенде 32 оптикалық талшық салу (бұл 16 оптикалық жұп) жоспарланған. Желінің максималды өткізу қабілеті – секундына 400 терабитке дейін.
Автожолдағы интернет мәселесі қалай шешіледі?
Қазақстанда автожолдарды мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін тиісті цифрлық инфрақұрылым қажет.
Бүгінгі таңда әкімдіктермен 243 АМҚ (еск — антенна-мачталық құрылғылар) республикалық жолдар бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. АМҚ құрылысы 2025-2026 жылдарға жоспарланған.
Бүгінгі таңда:
— 13 АМҚ бойынша сараптамалардың оң қорытындылары
алынды.
— 141 АМҚ бойынша жобалау-сметалық құжаттама
әзірленуде.
— 84 АМҚ бойынша әкімдіктер биылғы жылдың 3
тоқсанында жобалау сметалық құжаттамалау әзірлеу бойынша
конкурстық рәсімдерді бастауды жоспарлап отыр.
Қаржы және көлік министрліктеріне жергілікті атқарушы органдарға тиісті трансферттер бөлу бөлігінде АМҚ құрылысын қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсыруды сұраймын, — деді Цифрлық даму министрі.
Қатар инвесторы Tele2/Altel операторын сатып алады
Жаслан Мадиев сөзінше, мұндай келісімдер бәсекелестікті одан әрі күшейтеді.
Меніңше, қатарлық жаңа инвестордың келуі – өте маңызды бастама. Ол жаңа инвестиция тартуға мүмкіндік беріп, инвесторлық базаны кеңейтіп, нарықтағы бәсекелестікті арттырады. Яғни жаңа мобильді оператор пайда болады. Мәміле сомасы – 1,1 млрд доллар. Негізгі инфрақұрылымға инвестиция тарту жоспарда бар. Мобильді оператордың міндетіне 5G базалық станцияларын салу кіреді, — деді ведомство басшысы.
Қазақстанға Павел Дуров келеді
Қазақстанға ВКонтакте желісі мен Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров келуі мүмкін. Оны елімізге Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі жаңа министрі Жаслан Мәдиев шақырды.
Үкіметте өткен брифингте журналистер министрден Дуровтың қандай мақсатпен келетінін сұрады.
Мен оның Ыстықкөлге келгенінен хабардармын. Оның командасын білемін, бірақ жеке Павел Дуровпен таныс емеспін. Менің шақыруымның жеткеніне сенімдімін. Ол алдағы уақытта Қазақстанға келеді деп ойлаймын. Ол үшін бар күшімді саламын, — деді министр.
Министр Дуровпен не талқыланатынын айтты.
Telegram — бұл жоғары технологиялық компания. Олар жақында блокчейн технологиялары, крипто индустриясы компанияларымен біріктіру туралы бірқатар бастаманы жариялады. Сондықтан жоғары технология бағытындағы жобаларды талқылаймыз, — деп түйіндеді Мәдиев.