Орал қаласында баспанасы суға кеткен тұрғындар үшін 450 жеке үй салынады

0

 Орал қаласында су тасқыны салдарынан келтірілген шығынды өтеу бойынша комиссия өз жұмысын жүргізіп жатыр.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халеловтің мәлім еткеніндей, комиссияға тұрғындардан шығынды өтеу жөнінде 10 492 өтініш түскен.

Оның сөзіне қарағанда, 4 мыңға жуық саяжай тұрғынының үйі жалғыз баспана ретінде танылған. 

«Соның ішінде үш мыңға жуық тұрғынға баспана берілетін болса, 1 мыңға жуық үйге жөндеу жүргізілмекші. Күні бүгін техникалық зерттеу мекемелерімен 3 мың азаматтың мекенжайлары бойынша тексеру жүргізілді. Оған қоса 10 мыңнан астам тұрғынға 150 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Осы кезге дейін комиссия 2700-дей материалды қарап, 500-ге жуық отбасына үй беру жөнінде шешім шықты. Бірінші кезекте әлеуметтік осал топтағыларға, атап айтқанда, көп балалы, толық емес отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға баспана кілттері беріліп отыр», — деді А.Халелов. 

Тағы бір айта кетер жайт, жеке үйлерде тұрғысы келетін тұрғындардың да талап-тілегі ескерілді.

«Осыған сәйкес қаланың шағын аудандарында 450 жеке үй салынады. Қазіргі кезде үйлер мердігер мекемелерге бөлініп берілді, іргетасы құйылып жатыр. Бұл үйлерді жаңа оқу жылы басталғанға дейін салып бітіру көзделіп отыр», — деді А.Халелов.

Қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, барлығы 8 мыңдай саяжай үйінің 4 мыңдайына мүліктік бағалау жұмыстары жүргізілді.

«Мүліктік бағалауға тұрмыстық техникалар, жиһаздар кіреді. Күні бүгін 1377 үй бойынша шешім шығарылып, 600 миллиондай теңге төленді», — деді Ж.Дүйсенғалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда суға кеткен 2600-ден астам тұрғын үйге техникалық тексеру жұмыстары жүргізілгенін жазған болатынбыз.


ПІКІР ЖАЗУ