Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентімен кездесті

0

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті ШЫҰ саммитіне құрметті қонақ ретінде қатысқаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында дамып, жаңа мазмұнмен жоспарлы түрде толығып келе жатқан жан-жақты ынтымақтастықтың динамикасын жоғары бағалады.

Мен Бакуге және Шушаға жасаған сапарымды үнемі еске аламын. Бұл, шын мәнінде, бетбұрысты, маңызды, тарихи мәні бар сапар болды десек, артық айтқандық емес. Келіссөздер барысында біз бірқатар стратегиялық сала бойынша өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға тың серпін бердік, – деді Қазақстан Президенті.

Екі ел басшылары инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Осы орайда Транскаспий халықаралық көлік бағдарын тиімді пайдалану мәселесіне айрықша назар аударылды.

Өз кезегінде Ильхам Әлиев дәстүрлі түрде құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, мемлекетаралық байланыстардың барлық бағыты бойынша Астанамен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға Бакудің бейілді екенін растады.

Ильхам Әлиев Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздер үдерісіне атсалысқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың лайықты мүшесі ретінде аймақта ғана емес, халықаралық аренада да маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету перспективалары қарастырылды. Сонымен қатар халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты одан әрі дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Кездесу соңында екі ел басшыларының қатысуымен «Самұрық-Қазына» АҚ мен Azerbaijan Investment Holding арасындағы Бірлескен инвестициялық қорды басқару туралы келісімге қол қойылды.


ПІКІР ЖАЗУ