Түркістан: Шардарада ономастикалық мәселелер мен ескерткіштерді орналастыруда қойылатын талаптар талқыланды

0

Шардара ауданында «Ономастикалық мәселелер мен ескерткіштерді орналастыруда қойылатын талаптар» тақырыбында көшпелі облыстық семинар өтті.

Түркістан облысы мәдениет басқармасының ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – ономастика саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және осы саладағы өңірлердің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу. Семинар жұмысына облыстық ономастика комиссиясының мүшелері, тиісті  мемлекеттік органдардың басшылары, аудан, қалалардағы ономастика саласын басқарып отырған бөлім басшылары мен сала мамандары, осы аудандық жұмысшы тобының мүшелері және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Семинарды облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып беріп, жиынға модераторлық етті. Сонымен қатар осы сала бойынша облыста атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады. Ономастикалық жұмыстарды үйлестіру тәртібін семинарға қатысушыларға түсіндіріп өтті.

Жиын барысында Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев аудандағы ономастикалық ахуал туралы баяндады. Жиі туындайтын өзекті мәселелерге тоқталып өтті. Көшпелі жиында сөз алған Түркістан облысы мәдениет басқармасының Тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау бөлімінің басшысы Эльвира Момынова кеңінен баяндады. Алдымен монументтік өнер құрылыстарын орнату тәртібіне тоқталған бөлім басшысы қағида талаптарын сақтауға шақырды. Осы саладағы заң бұзушылықтарға жол бермеу, өрескел қателіктердің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Күн тәртібінде өзектендірілген «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Әдістемелік ұсынымдар қаралды. Қатысушылар идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасының іске асырылуы бойынша атқарылып жатқан мәселелерді ортаға салды.

Өңірлердегі ономастикалық ахуал, сондай-ақ алдағы уақытта атқаруды қажет ететін 2024-2028 жылдарға арналған кестедегі атау беруге жоспарланған атауларды талқыланып,  монументтік өнер құрылыстарының орналасуына байланысты маңызды мәселелер де назардан тыс қалмады. Сонымен қатар семинарда елді мекендердің және олардың құрамдас бөліктерінің байырғы тарихи атаулары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу мәселелері, сондай-ақ халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған шаралар қаралды.

Жиын соңы пікір алмасуға ұласты. Жиынға қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Нұргүл Жақсылықова түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Облыста монументтік өнер құрылыстарын орнату ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №103 бұйрығымен бекітілген Қағидаға сәйкес жүргізіледі. Жалпы әкімдік өз ретінде ҚР Президентінің тапсырмасы шеңберінде жүйелендірілген тәртіпті және осы саладағы уәкілетті органның, яғни Министрліктің арнайы ұстанымдарын ескере отырып, облыста орнатылатын Министрліктің жанындағы Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның қарауына енгізеді. Жоғарыда аталған Қағиданың талаптарына сәйкес мемлекеттік Комиссияның  екі кезеңдік келісімін алғанға дейін қандай да бір монументті өнер туындысын орнату заңсыз екендігі аудан, қала әкімдіктеріне ескертілген.

Айта кетейік,  облыс бойынша монументті өнер туындыларының саны – 842. Оның ішінде 89 ескерткіш, 339 бюст, 414 стелла бар. Соңғы 3 жылда  аудан қалаларында  31 ескерткіштер орнатылған.

Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ