«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: Арыста ашылған тұқымбақ аумағы ұлғайтылды
Арыс қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында қаламызда орналасқан тұңғыш тұқымбақ аумағы айтарлықтай ұлғайып, бүгінде мұнда 100 мыңнан астам көшет өсірілуде.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың тікелей бастамасымен құрылған тұқымбақтың аумағы қазіргі таңда 1 гектарға жуықтады. Мұнда 9 түрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Барлық көшеттер жергілікті жерде өскен талдардың ұрықтарынан алынған. Бұл тәсіл жергілікті экожүйенің ерекшеліктерін ескере отырып, өсімдіктердің жақсы өсуіне және бейімделуіне мүмкіндік береді.
«Тұқымбақта өсірілетін көшеттердің сапасын және санын арттыру үшін заманауи тамшылатып суғару жүйесі орнаттық. Бұл жүйе суды үнемдеуге және өсімдіктердің қажетті ылғалдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Және суды тікелей өсімдік тамырына жеткізу нәтижесінде өсімдіктердің өсуі мен дамуы айтарлықтай жақсарады» — дейді «Жасыл Арыс» КММ-нің маманы Қуанышбай Наурызбаев.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы елдің экологиялық жағдайын жақсарту, жасыл аумақтарды ұлғайту және тұрғындардың табиғатты қорғау мәдениетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған. Арыс қаласындағы тұқымбақтың ұлғайту жобасы осы акцияның жарқын мысалы болып табылады. Бұл жоба арқылы қаланың экологиялық жағдайы жақсарып қана қоймай, тұрғындар да жасыл аумақтардың маңыздылығын түсіне бастайды деп сенеміз.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі