Түлкібас өңірінде орналасқан Түркібасы әулиесінің тарихымен таныстырып, аудан тарихын насихатталды
Тарихы терең, табиғаты керемет Түлкібас өңірі киелі жерлерге бай өлке.
Қазақстанның «Киелі жерлер географиясы» кіші жобасы бойынша алдын ала ұсынылған сакральды орындар тізіміне Түлкібас өңірінен 39 киелі жер туралы мәлімет облыстық жобалық кеңсе базасына жолданған. Соның ішінде Түркістан облысы бойынша жергілікті маңызы бар тізіміне енген 4 киелі жер анықталды. Осы киелі жердің бірі – Түркібасы әулиесі.
Көпшілікке танымал Түркібасы әулиенің басына салынған кесене Азаттық ауылында, «Шымкент — Алматы» автомобиль жолының сол қапталындағы тау беткейінде орналасқан. Алыстан күмбезді сағана көзге шалынады. Сағанаға зиярат етушілер баспалдақ арқылы көтеріледі. Баспалдақтың жалпы саны- 688.
Негізінен Түркібасы әулие жұрт аузында «Алладан не тілесең тілегіңді беремін деген әулие» дейді. Перзент сұрағандарға перзент, ауру – сырқаулы жандарға денсаулық беретін жол ашар әулие екен дейді. Төбедегі құдық суын және етегіндегі бастау суларын қасиетті деп табынып ішеді, ыдысқа құйып алып кетіп жатады.
«Түркібасы әулиесінің» тарихына қарайтын болсақ шежірелі Қаратау мен Алатаудың төс түйістірген тұсында, әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолының бойында, тарихи Майлыкент өңірінде Түркібасы немесе Әулиетөбе орналасқан. Патша өкіметі кезінде бұл өлке Майлыкент болысы аталып, Кеңес Одағы тұсында қайта құрылып, Түлкібас ауданы атала бастағаны да түптеп келгенде осы төбенің атауымен тікелей байланысты.
Бұл атау Батыс Түркі хандығының Басы болған Естемес ханға байланысты шыққан. Естемес хан шамамен 556 жылы сол кездегі Екітау аталған тауға яғни Түркібасы тауына шатырын тігіп, оның етегіне ордасын орналастырып, қала салған. Түркібасы туралы ең соңғы құнды мәліметті 1893-жылы осы жерге ғылыми сапармен келген орыс академигі В.В.Бартольд аймақты аралап көріп, халық жадында сақталған аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, бұл жердің ертеректе Түркібасы аталғанын, ал Түлкібасы атауының кейінірек жаңылыс айтылғанын жазған.