«Тарихыңды таны — тұлғаңды құрметте» акциясы Түлкібаста жалғасын тапты

0

Түркістан облыстық Фараб әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйытқы болуымен Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Тарихыңды таны — тұлғаңды құрметте» акциясы өтті. Қонаққа Түркістан облыстық Фараб әмбебап-ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушілері Дана Хантөреқызы мен Айнұр Құрасқызы, Ордабасы ауданының зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылары, ардагер кітапханашылар мен Еспенбетова Феруза Небосынқызы бастаған кітапхана қызметкерлері келді. Акцияның басты мақсаты — аудандар арасындағы тарихи-мәдени танымдылықты арттыру, қызметкерлер арасындағы қарым-қатынасты нығайту.

Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін Түлкібас ауданына келген құрметті қонақтар алдымен Ақсу Жабағылы мемлкеттік қорығының мұражайына атбасын бұрды. Келген қонақтарға аудан ақыны Серік Жұмаділ арнауын айтып, құрмет білдірді. Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Орманов Ербол Керімбекұлы арнайы сөз сөйлеп, мұндай іс-шаралардың көптеп өтуі болашақ ұрпақтың рухани дамуына үлкен үлес қосатынын жеткізді. Қонақтарға сәттілік тілеп, алғысын білдірді. Ауданның, облыстың атын елімізге танытып жүрген «Арша» тобы ән шырқап, көрермен ықыласына бөленді.

Ақсу-Жабағылы мемлекеттік қорығының ғылыми қызметкерлері қонақтарға мұражай ішіне экскурсия жасап, экспонаттармен таныстырды.

Келесі кезекте қонақтар Түркібасы әулиесіне барып, зиярат етті. Әулиенің тарихымен танысып, рухани нәр алды.

Акцияның шарты бойынша ауданның тұлғалары мен бүгінгі тіршілігін таныстыру үшін арнайы бейнеролик көрсетілді. Өңіріміздің тарихы мен әдебиетіне, тұлғаларына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, келген қонақтарға таныстырылды. Аудандық мәдениет үйінде жергілікті ақын, ардагер ұстаз Серғазы Әбілмажановтың шығармашылығына арналған кездесу кеші өтті. Ақынның өлеңдері оқылып, оқырман тарапынан түрлі сұрақтар қойылды. Кеш соныңда аудан әкімінің алғыс хаты мен сый-сияпатын Түлкібас  ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың депутаты  Көлбаев Оспан Оңалбекұлы табыстады.

Келесі кезең аудандық орталық кітапханада жалғасын тапты. Мекеме директоры Қамар Мекембайқызы Ордабасылық әріптестерге алғысын білдіріп, арнайы дайындалған анықтамалар, буклеттер, кітапшалар мен жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарын сыйға тартты.

Шара соныңда қонақтар рухани дүниеге қанық болып, үлкен әсер алғандарын жеткізіп, тамаша көңіл-күйде тарқасты.


ПІКІР ЖАЗУ