Төлеби төрінде 300 ге жуық жастар басқосты
Төлеби ауданы Қасқасу ауылдық округіндегі Көктөбе лагерінде республикалық «Zhas Camp. Jastar Academy II» лагері іс-шарасы басталды. Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастырған республикалық іс-шарасы үш күнге жоспарланып, оған 17 облыс, 3 республикалық маңызы бар қалалардан 300 белсенді жас қатысуда.
Ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Әлімжанов Біржан мен Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Сейтжанов Нұрсұлтан, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев қатысып, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған көшбасшы жастардың басын біріктірген шараға арнайы қатысып, жастармен пікір алмасты.
Шілде айының 25-27 күндеріне арналған іс-шарада «Úzdik tájirıbe» мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясындағы өңірлік үздік жобалар таныстырылымы өтіп, тимбилдинг ұйымдастырылады. Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, өлкеміздің табиғатын қорғау мақсатында іс-шараға қатысушылар «Таза Қазақстан» эко-акциясы аясында тазалық жұмыстарына үлестерін қосады. «Speech time» республикалық жастар ұйымдары жетекшілерінің таныстырылымы өтіп, концерттік бағдарлама, би кеші жоспарлануда.
Іс-шараның екінші күніне арналған жоспарға сәйкес, «Адал азамат» тұжырымдамасын ілгерілетудегі әріптестік: жастар мен мемлекет диалогтық алаңына жиналып, «Лудомания: қоғамға келген қатер» тақырыбында ҚР мәжіліс депутаты Руслан Берденов спикер болса, жастар арасында командалық ойындар (садақ ату, гір көтеру т.б) ойнатылады.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі