Төлеби: ұсыныстар назарға алынып, мәселенің шешу жолдары қарастырылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде жергілікті атқарушы билік халықты толғандырған мәселемен етене танысып, бұл бағытта жұмыс жүргізуі қажет. Билік бұқараға барынша жақын болып, алдына келген әрбір тұрғынның мәселесін тыңдап, заң аясында шешім табуы бағытында еңбек етуде.
Сөзіміздің дәлелі, аудан әкімі Төлеген Телғараев орынбасарларымен бірге аптаның бір күні бекітілген кестеге сай жеке қабылдау өткізеді. Қабылдау барысында келушілердің сұрағына жауап беріп, проблеманың шешу жолдарын қарастырады.
Бүгін, аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың өтініштерін тыңдап, ұсыныстарын назарға алды.
Әңгірата елді мекенінің тұрғыны С.Омаров елді мекен 2023 жылы «Үлгілі ауыл» номинациясының жеңімпазы атанғанын, байқау жүлдегері ретінде елді мекенге балалар ойын алаңшасын орнатуды сұранды. Бұған қоса, жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол салып, көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізуді өтінді.
Көксәйек елді мекенінің тұрғыны М.Бекболатов ауыз судың тарифіне қатысты пікірін білдіріп, оның сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты.
Киелітас елді мекенінің тұрғыны Н.Арапбаева М.Әуезов жалпы орта мектебінде орын алған түсінбеушіліктерге қатысты сала мамандарының жауабын алды.
Біркөлік елді мекенінің тұрғыны Ж.Сақов тау баурайындағы ауылға жаңа мектеп ғимараты қажеттігін айтып, аталған мәселені шешуге көмек сұрады.
Қабылдау барысында аудан әкімінің орынбасары Лесбек Әуезханұлы әр тұрғынмен жеке сөйлесіп, көтерілген түйткілдердің бірқатары сол мезетте-ақ шешімін тапса, бір бөлігі рет-ретімен зерделеніп, заң шеңберінде қаралатын болды. Сондай-ақ, тұрғындардың ұсыныстары назарға алынып, жергілікті биліктің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру және халықты толғандырған мәселені тікелей шешу мақсатында өткізілген жеке қабылдау алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі