Жетісай: игерілмеген жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде

0

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тапсырмасымен аудандағы игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті жұмыстар тұрақты түрде атқарылуда.

Аудан әкімінің өкімі негізінде аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің жер қатынастары секторы тарапынан арнайы жұмысшы тобы құрылып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жер учаскелеріне түгендеу жүргізілген.

Нәтижесінде, ауыл шаруашылық мақсатындағы игерілмеген жер учаскелерінің көлемі 351,6 га құрап, жер иелеріне Түркістан облысының жер ресурстарының басқару департаменті тарапынан тексеру тағайындау хабарламалары берілген. Нәтижесінде, 5 азамат 18,2 га жерді өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарса, 7 тұлға 65,7 га жерді қайта игеруге кіріскен. 20,1 га жер телімі иесіз мүлік ретінде тіркелген. Бүгінде 41 жер пайдаланушыларға тиесілі жалпы ауданы 247,5 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмеген жер телімдерін мемлекетке қайтару бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

«Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі ауданда өте өзекті болып отыр. Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, қараусыз қалдыруда. Бұл мәселе Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауында да айтылған.

Біз бүгінде жерді игермеген азаматтардан қайтарып алып, игеруге ниетті азаматтарға немесе инвесторларға кәсіпорындар салуға беретін боламыз» дейді Серік Үсенұлы.

Жұмысшы топ өкілдерінің мәліметінше игерілмеген ауыл шаруашылығы жерлері бойынша көшті Қызылқұм ауылдық округі бастап тұр. Мұнда 20 тұлғаға тиесілі 116,8 га жер учаскесі игерусіз болса, Жылы су ауылдық округінде 11 азаматтың 72,3 га жері қараусыз қалған. Алғашқы үштікті 11 тұлғаның 24,4 га жері игерілмеген Мақталы ауылдық округі түйіндесе, Атамекен ауылдық округінде 16 га, Жаңа ауыл ауылдық округінде 14 га, Қазыбек би ауылдық округінде 4 га жер көп жылдардан бері игерілмеген.

Одан бөлек, аудандағы қала, кент, ауылдық округтердегі заңсыз құрылыстарды жою бойынша анықтау, зерделеу жұмыстары жүргізіліп, құжаттары толық алынбаған немесе дұрыс емес және өз мақсатына сай пайдаланылмаған нысандар анықталып, Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына және Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне өз құзыреті шегінде шара көру үшін жолдау бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ