Құндылықтар-реформаларды жүзеге асырудың бірден-бір негізі
Бұл туралы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің доценті Гүлнұр Мақұлбаева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі мемлекеттік басқару тұжырымдамасы қазіргі мемлекеттік басқару жүйесінде реформаларды жүргізу тиімділігінің жеткіліксіз болуын алға тартты. Тұжырымдамада еліміздегі көптеген стратегиялық бағдарламалар мен жоспарлар толығымен іске аспай жатқаны ашық көрсетілген.
Экономика бойынша Нобель лауреаты Дуглас Норт институттардың тиімді жұмыс істеуіне екі талап бар екенін алға қояды, бірінші саясатты іске асыру үшін мемлекет заң қабылдайды, ұйым ашуы мүмкін немесе заңмен бекітілген лауазымды енгізуі мүмкін. Мысалы, жемқорлықпен күресу үшін Еуропадан бастап Азия мен Африка елдері комплаенс офицерін енгізуі, жемқорлықпен күресу және алдын-алумен айналасатын орган ашуы мүмкін. Екіншіден, Дуглас Норттың айтуы бойынша мемлекеттік саясаттың іске асуы адамдар арасындағы бейресми қарама-қатынас пен нормаларға негізделеді және реформалардың әр-түрлі контекстте сан-алуын түрлі жүзеге асуы көбінесе осы бейресми қарыма-қатынастарға байланысты. Адамдар арасындағы бейресми қарама-қатынастарға құндылақтар, нормалар және бейресми институттар (мысалға, трайбализм және непотизм) кіреді, — дейді маман.
Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі мемлекеттік басқару тұжырымдамасына сай еліміздің мемлекетік басқару жүйесінің дамуында төрт кезең болған. Осыған дейінгі кезеңдерде Үкімет мемлекеттік органдарды нығайтуға, мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін заңдар енгізуге және индустриялық-инновациялық даму, елді кешенді цифрландыру және жаңа инфрақұрылым (көлік, тұрғын үй және т.б.) салу бағдарламаларын енгізуге бар күш-жігерін жұмсаған.
Яғни, Дуглас Норт бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы бірінші талапты орындаған. Ал енді қазіргі кезеңде осы заңдар мен орагандардың тиімді жұмыс жасауы үшін біз адамдар арасындағы бейресми қарым-қатынасқа аса мән беруіміз керек. Осы ретте, Ұлттық Құрылтайда Президент Қ-Ж. Тоқаев жалпыұлттық құндылықтарға аса назар аударды және ұлт сапасын жақсарту мақсатында құндылықтар жүйесін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Мысалға, Президенттің “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” концепциясы шеңберінде e-өтініш онлайн платформасын алып қарасақ, бұл азаматтардың мұң-мұқтажына және сұранысына жауап беру үшін енгізілген институт. Бірақ іс-жүзінде келіп түскен шағымдарды мемлекеттік қызметшілер қалай жүзеге асырады, формалды түрде ме әлде жанашырлықпен қарастырады ма ол мемлекеттік қызметшінің құндылығына негізделеді. Яғни, азаматтар өз мұңын және шағымын мемлекеттік қызметшілерге аманат етіп тапсырады, ал өз кезегінде мемлекеттік қызметші аманатқа қиянат жасамай жанашырлықпен қарап, келіп түскен шағымды барынша ілтипатпен қарастырғаны жөн. Жалпы, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасында екі жақтың да құндылықтарын ескерген дұрыс. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан ол адалдық, еңбекқорлық пен жанашырлық болса, азаматтар тарапынан ол мемлекеттік органдарға және басқа қоғамдық институттарға деген сенім. Азаматтардың мемлекетке деген сенімі өте маңызды. Сенімі бар азаматтар қоғамдық тәртіпті сақтайды, заңды орындайды, салық төлейді және жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатқа оңтайлы жағдай жасауға тырысады, — деді ол.
Батыс елдерде халықтың және мемлекеттік қызметшілердің құндылықтарына үлкен мән беріледі.
Мысалға, Әлемдік құндылықтар сауалнамасы (World Values survey) құндылықтарды өлшеу үшін 300-ге жуық сұрақты қамтиды, олардың ішінде адамдардың мемлекеттік органдарға сенімі, саясатқа қызығушылығы, адамдардық бір-біріне сенімі және отанға сүйіспеншілігі сынды сұрақтар қойылған. Осы деректерге сүйене отырып, ғалымдар құндықтардың өзгеру динамикасын және реформалардың жүзеге асыруға қалай ықпал ететіндігін зерттейді. Дүниежүзілік құндылықтар сауалнамасындағы сұрақтар біздің елімізге тән құндылықтарды қамтымауы мүмкін, сондықтан біз өзіміздің құндылықтардың тізімін анықтағанымыз дұрыс және оларды қандай сұрақтар арқылы өлшейміз соны да анықтап алу керек. Осының негізінде Ұлттық Бюро статистикасы жалпы халық арасында және мемлекеттік қызметшілер арасында сауалнама жүргізу арқылы деректер жинай аламыз. Осы деректер негізінде, ғалымдар еліміздегі ұлттық құндылықтардың өзгеру динамикасын зерделейді және нақты қандай құндылықтар реформалардың сәтті жүруіне себеп тигізетінін регрессиялық анализ арқылы анықтай алады, — дейді Гүлнұр Мақұлбаева.
Мемлекеттік басқарудың әкімшілік – бақылау моделі (command and control) біз үшін тиімсіз, себебі ол модельде транзакциялық шығындар (бақылау, тәртіптің және заңның орындалуын қамтамасыз ету) өте жоғары.
Мемлекет әрбір азаматтың немесе мемлекеттің қызметшінің заңды қатаң орындағанын қадағалап, бақылап отыру үшін өте жоғары транзакциялық шығын жасайды және экономикалық тұрғыдан ол өте тиімсіз. Ал егер, құндылықтарды насихаттап, заң мен тәртіптің орындалуын адамдардың ойы мен құндылықтарына табыстасақ, ол мемлекетке тиімді болар еді. Осыған орай, қазіргі таңда батыста мінез-құлық экономикасы мен мінез-құлық мемлекеттік басқаруы сияқты ғылымдар қарқынды дамып келе жатыр. Адамдардың мінез-құлқына олардың құндылықтары әсер етеді, сондықтан бұл ғылымдар құндылықтарды да қамтиды. Біздің еліміз де мемлекеттік басқарудың адамға бағдарланған жаңа моделіне аяқ басты және ол модельде реформалар мен стратегияларды сәтті жүзеге асыру үшін құндылықтарды негізге алу керек, — деді маман.