Түркістан облысын дамытуға үкіметтік емес ұйымдар белсене атсалысады
Түркістан облысында 775 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Келесі жылы XII Азаматтық форумын өткізу жоспарланып отыр. Бүгінде дайындық жұмыстары басталып кетті. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев азаматтық қоғам институттарының өкілдерімен кездесуінде мәлімдеді. Келелі басқосуға үкіметтік емес ұйым, кәсіподақ және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, тиісті салалық мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары үкіметтік емес ұйымдардың орны ерекше екенін айтып, қоғамдық ұйымдар елді өркендету бағытында жұмысты күшейту қажеттігін жеткізді.
– Мемлекет басшысы азаматтық қоғам институттарына, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметтеріне аса зор маңыз беріп отыр. Нәтижесінде, жыл сайын үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау қаржысының көлемі арта түсуде. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың аясында өңірдегі үкіметтік емес ұйымдарды қолдау бойынша облыстық бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі жылдан жылға артып келеді. Жалпы, биыл осы бағытта облыста 109 жобаны қаржыландыру үшін тиісті қаржы қаралуда. Сонымен қатар жергілікті үкіметтік емес ұйымдарды қоғамдық шараларға кеңінен тарту жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бүгінде осы мақсатта облыс, қала, аудан әкімдіктері жанындағы түрлі кеңестер мен комиссиялардың құрамына белсенді үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен өкілдері енгізілген, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жиында Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, «Береке» қоғамдық бірлестігінің орынбасары Гүлсім Андабаева, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, кәсіби медиатор, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Бақытжан Бейсембаев және өзге де азаматтар сөз сөйлеп, көптеген мәселелерді ортаға салды.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттырып, жұмысын жандандыру керектігін тапсырды.