ТҮРКІСТАН: әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым салаларын дамыту

0

Жаңашыл жастарға жол ашық. Өңірлік кадрлық резервіне қабілеті жеткен кез келген жастың ілігу мүмкіндігі бар. Елімізде алғаш өтіп жатқан байқауда басқару қабілеті бар дарынды жастар бос тұрған лауазымдардың тізгінін ұстап, өздерін көрсете алады. Түркістан облысында Өңірлік кадрлық резервке іріктеудің қорытынды кезеңі  басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба жас менеджерлер пулын қалыптастыруға және мемлекеттік қызметке дарынды жастарды тартуға бағытталған.

Алғаш рет өтіп жатқан байқауға 634 үміткерден өтінім түскен. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен басталған кадр комиссиясы алдында байқаудың «құрылымдық сұхбат» кезеңіне өткен 50 үміткер өз жобасын қорғады. Дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты болған сайыстан үздік деп танылған 30 жас өңірлік резерв құрамына кіреді. Соңғы іріктеуге келген әр үміткермен әкім жеке сұхбат құрып, бағыт-бағдар берді.

Үміткерлердің басым бөлігі Астана, Алматы және өзге де өңірлерде жоғары білім алып, ауылға оралған. Әртүрлі салада жұмыс істеп жүрген жастардың қатарында мемлекеттік органдар мен жеке секторда еңбек етіп жүргендер бар.

Іріктеуде 35 жастан аспаған, жоғары білімді жəне 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары onir.pkrezerv.gov.kz сайтында құжаттарын тапсырады. Наурыз айынан бері байқауға өтінім берген азаматтар іріктеудің үш кезеңінен өтті. Жобаның заңнама білу, жеке қасиеттері мен құзыреттерін бағалау сынды алғашқы кезеңдерін сәтті тапсырғандар бүгін әңгімелесуден өтіп жатыр. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – ел мүддесін бірінші кезекке қоятын жас таланттарды анықтап, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жолында өзекті мәселелерін шешу үшін жоғары білікті мамандарды тарту, тиімді кадрлық резерв құру.

– Қазіргі бәсекелестік заманда білімің мен білігіңнің болуы өте маңызды. Бұл – әсіресе басшылық, оның ішінде мемлекеттік қызметте қажет қасиеттер. Кез келген мемлекеттің беделі оның мемлекеттік қызметшісіне байланысты болса, ел тізгініне ие болар келер буынның әмбебап болуы заңды. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен елімізде «Президенттік жастар кадрлық резерві» жасақталатыны белгілі. Тиімді әлеуметтік лифтіге айналған бұл жоба расында, ел дамуына үлес қосуға ниетті жастарға зор мүмкіндік беруде. Оның жалғасы ретінде өңірдегі білімді, талантты жастар арасынан жаңашыл ойлайтын көшбасшылар мен жас басқарушылардың тобын қалыптастыру үшін кадрлық резервтер құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ең бастысы, еліміздің дамуына бей-жай қарамайтын, жұмысына жаны ашитын адал әділетті жастарды мемлекеттік қызметке алу, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Іріктеу өңірдегі 6 салалық бағыттағы кадр қажеттілік ескеріле отырып айқындалды. Өңірлік кадрлық резервке үміткерлер индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары және цифрландыру салаларын дамыту бағытында бақ сынады.

Байқауда бақ сынағандар соңғы кезеңде өздері таңдаған салалық бағытта жобасын қорғады. Комиссияның шешімдері негізінде Өңірлік резерв жасақталады. Жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша, Өңірлік кадрлық резервінде тұрған тұрғалардың кандидатуралары қаралады. Яғни, байқаудан озық шыққандар бос лауазымдарға конкурссыз тағайындала алады. Резервте болу мерзімі – 2 жыл.

Іріктеуді кадр комиссиясы жүзеге асырады. Комиссия төрағасы — облыс әкімі Дархан Сатыбалды, орынбасары – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Өркен Балажанов. Комиссия мүшелері – облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Ғалымжан Тапеев. Іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қоғамдық бірлестік, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, бизнес-қауымдастықтардың өкілдері және салалық сарапшылар қатысты.


ПІКІР ЖАЗУ