Мақтааралда рухани тәрбиелік маңызы бар мәдени іс-шаралар мен акциялар ұйымдастыру қолға алынуда
12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Мақтаарал ауданында «Жалынды жастар жасасын!» атты гала-концерт өтті.
Мырзакент кентінің орталық алаңында өткен іс-шараға жиналған халық өте көп болды. Аудан әкімі Бақыт Асанов кешке арнайы қатысып, аудан жастарын мерекемен құттықтады.
«Жастар қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші екені анық. Мемлекетіміздің және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан жастарына деген сенімі өте жоғары. Сіздердің интелектуалдық белсенділіктеріңізді, білімге, ғылымға және спортқа деген ұмтылыстарыңызды, еңбек етуге деген талпыныстарыңызды өз басым әркез жоғары бағалаймын. Сондықтан, бүгін «Халықаралық жастар күні» аясында өтіп жатқан гала-концертімізді ашық деп жариялап, барша аудан жастарына зор денсаулық, қайтпас қайсарлық, білім мен спортқа деген үлкен құштарлық тілеймін! Ендеше, елдің патриоты болып, мемлекетіміздің дамуына бірге атсалысуларыңызды сұраймын!» — деді, Бақыт Насырханұлы.
Аудан басшысы құттықтауынан соң белсенді еңбегімен көзге түсіп жүрген бір топ жастарды алғыс хатымен марапаттады. Еліміздің ертеңгі болашағы саналатын жастарымыздың әлеуметтік жағдайы, білім мен тәрбие алуы, спортқа тартылуы және отан сүйгіштік қасиеттерге тәрбиелеу бағыты ешқашан назарынан түспегенін де аудан әкімі атап өтті.
Гала-концертте Мақтаарал және Жетісай ауданының өнерпаздары, әншілері өнер көрсетті. Кештің негізгі қонағы, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Кеңес Әлімжан болды. Қазақ жастарының арасында «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?», «Бозторғай ана», «Саған гүл алып барамын», «Жарық түн», «Ғашықпын, жаным!», «Саусағың жүзіксіз», «Күз келген жоқ» әндерімен танымал әнші қалың көрерменнің қошеметіне бөленді.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны 42064 адамды, яғни аудан халқының 39,7 пайызын құрайды.
2024 жылдың 6 айында жастардың бойында патриоттық сезімдерін ояту, оларға салауатты өмір салтын насихаттау, талантты жастарды қолдау, рухани тәрбиелік маңызы бар мәдени іс-шаралар мен акциялар ұйымдастыру қолға алынып, әр түрлі бағытта жалпы саны 279 іс-шара өткен.
2 мыңнан аса мақтааралдық студенттер облыс орталығы мен өзге қалаларда, 700-ден астам студенттер шетелдерде білім алуда. Ауданымызда 989 жас білім саласында, 88 жас денсаулық сақтау саласында, 139 жас мемлекеттік қызмет саласында, 89 жас құқық қорғау органдарында, 1500-ден аса жас басқа да мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындарда жұмыс істейді. Сонымен қатар, 893 жас өз өзін жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікпен айналысуда.
Биыл 109 оқушы Үздік аттестатпен, 129 оқушы Алтын белгімен оқу жылын аяқтап, 597 оқушымыз грант иегері атанды. Соңғы 5 жылда ауданнан 2 әлем чемпионы, 7 Азия чемпионы және 58 Республика чемпионы шықты.