Арыс: балалардың қауіпсіздігі мен білім алуына лайықты жағдай жасау маңызды
Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Ақдала ауылына іс-сапармен барды. Мұнда күрделі жөндеуден өтіп жатқан С.Ерубаев жалпы орта мектебінің құрылыс алаңында болып, жұмыстардың барысын бақылады. Әкім білім беру мекемесінің жаңартылуы – қаланың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, жөндеу жұмыстарының сапасын қатаң бақылау қажеттігін айтты.
Шаһар басшысы мердігер мекеме өкілдері мен жауапты тұлғаларға жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Өз сөзінде балалардың қауіпсіздігі мен білім алуына лайықты жағдай жасау маңызды екенін баса айтты.
«Оқушылардың білім алу жағдайлары ең жоғары деңгейде болуы керек. Сондықтан жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімі – басты назарда. Әрбір істің тиянақты әрі сапалы орындалуы қажет,»– деп атап өтті әкім.
Айта кетейік, Ақдала ауылында орналасқан С.Ерубаев мектебі 2008 жылы қолданысқа берілген. 800 орынға лайықталған білім ордасында бүгінде 951 оқушы білім алуда. Оқушылар қауіпсіздігі үшін мектеп аумағы қоршалынып, ішкі және сыртқы 16 бейнебақылау камераларымен, ішкі әжетханамен жабдықталған.
Бүгінде білім мекемесінің бірінші қабатындағы кейбір кабинеттердің ағаш едендері көтеріліп, дәліздегі кафель төсемелері ескірген. Барлығы да ауыстырылып, қалпына келтірілмек. Сонымен бірге еден астынан өткен жылу жүйелерінің құбырлары тозығы жетуіне байланысты қайта жаңғыртылмақ. Ескірген пластик есіктер мен терезелер ішінара ауыстырылмақ. Бұдан бөлек мектептің ішкі және сыртқы қасбеті сырланатын болады. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «AICOM» ЖШС-гі айтуынша тиісті жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес қыркүйек айының соңына дейін аяқтамақ.
Айта кетейік, биылғы жылы Б. Кенжебаев пен Аққала мектептерінің сыртқы қасбеттерін сайдингпен қаптау, Монтайтас мектебінің фойесі, дәлізі мен асханасының шатырын ауыстыру жұмыстары жоспарланған. Бұдан бөлек, , Байтоғай елді мекенінде «Ақкөгершін», Қожатоғай ауылында «Саяжан», Жиделіде «Балбөбек», қала орталығындағы «Айгөлек» балабақшалары да ағымдағы жөндеуден өткізілуде.