Арыста қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға құрмет-қошемет көрсетілді

0

Арыс елі қос мереке – Қала күні мен Теміржолшылардың кәсіби мерекесін салтанатпен атап өтті. Мерекеге құрметті қонақтар, қала тұрғындары және теміржолшылар қауымы қатысып, қаланың Орталық стадионын лық толтырды.

Шара барысында шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова мерекеге орай тұрғындарға ізгі тілегін білдіріп, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда, қаламыздың жаңарып, гүлденуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға құрмет-қошемет көрсетіп, марапаттар табыс етті.

Атап айтқанда, қаламыздағы бірқатар азаматтарға өз ісінің үздік маманы әрі қаланың дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Арыс қаласының «Құрметті азаматы» атанса, тағы 10-нан астам жерлесіміз «Арыс қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, қала өміріне белсенді атсалысып, қоғамдық жұмыстарда жоғары жетістіктерге жеткен тұрғындарға алғыс хаттар табысталды.

Салтанатты шара барысында Қазақстан Темір жолы АҚ, Шымкент бөлімшесінің директоры Нұрдәулет Байғазиев құттықтау тілегін жеткізіп, Теміржолшылардың Орталық Ардагерлер кеңесінің атынан қала басшысына алғыс хат пен 120 жылдық теміржолшылардың мерейтойына арналған мерекелік төсбелгіні табыс етті.

Бұдан бөлек, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетов,  Арыс қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов арыстықтарды мерекемен құттықтап, ақ тілектерін жолдады.

Әрі қарай, Арыс аспанын әнге бөлеген мереке одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, елімізге танымал әншілерді  жиналған қауымға өнер көрсетіп, ән-биден шашу шашты. Танымал кино және «Жайдарман» жұлдыздары «Миллион» командасы, танымал әнші, «Super Star KZ» музыкалық жобасының гран при иегері  Қайрат Түнтеков, Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Серік Ибрагимов өнер көрсетіп, тамаша көңіл күй сыйлады.

Мерекелік кеш Арыс тұрғындарына шаттық пен қуаныш сыйлап, қала күніне арналған мерекелік шараларды жоғары деңгейде аяқтап, тұрғындарға ұмытылмас естеліктер қалдырды.


ПІКІР ЖАЗУ