ТҮРКІСТАН: туризм саласында маңызды жобалар қолға алынады

0

Түркістан облысына келуге қызығушылық танытатындар қатары күн санап артып келеді. Түркі әлемінің туристік астанасы атанған киелі өңірде соған сай туристік жобалар қолға алынбақ. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде осы және басқа да туристік қызметтер талқыланды. Облыс басшысы бұл саланы қысқа уақытта жандандыруды, кемшіліктермен жұмыс істеуді қатаң тапсырды. Сонымен қатар аудан, қала әкімдеріне киелі нысандардың тазалығын сақтауды айтып, сол аумақтағы жол белгілері мен жарықтандыру мәселесін шешуді жүктеді.

– Біздің облысқа туристерді тартудың бірден бір жолы, оларға сапалы әрі дұрыс қызмет көрсете алу деп ойлаймын. Бұл біздің ең бірінші міндетіміз болуы тиіс. Бұдан бөлек жаңа жобалар қолға алынып, жан-жақты қызықтыруымыз керек. Маусым айында Мемлекет басшысы туризм мәселелері бойынша жиын өткізіп, бірқатар тапсырма берген болатын. Қысқа мерзімде туристік өнімдер мен туристер санын арттыру үшін Күлтөбе қалашығы мен Қолөнершілер қаласы жобасын жүзеге асырып, экотуризмді дамыту қажет. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарға негізделген шеберлік сағаттары, ұлттық ойындар мен тағамдарды ұсыныңыздар. Сервис деңгейін жақсарту мақсатында туристік бизнес өкілдерін оқыту жұмыстарын тұрақты жүргізіңіздер, – деді облыс әкімі.

Облыс орталығынан алыс орналасқан нысандарда сервисті жақсарту үшін ұсынылған визит орталықтар мен модульдік ғимараттарда электронды аудиогидтар орнату арқылы шешуді тапсырды. Мысалы әлемнің танымал музейлерінде смартфондарға орнатылған электронды аудиогидтар пайдаланылады. Сондай-ақ, электрокарлар жұмыстарын реттеу, жүргізушілеріне экскурсиялық кітапшалар тарату, оқытудан өткізуді, маршрутын бекіту қажет.

Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов туризмді дамыту туралы баяндама жасады. Оның айтуынша аталған салаға жан-жақты талдау жүргізілген. Сонымен қатар отандық туризм мамандары мен сарапшылардың ұсыныстары тыңдалып, бірқатар жобалар жоспарланып отыр. Жалпы жыл басынан бері өңірге 15 мың шетелдік турист келген. Ал жалпы келушілердің арасында жүргізілген сауалнамада басым көпшілігі қызмет сапасы мен әжетханаға шағым жасаған.

Өңірдегі нысандарға негізінен Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары барады. Аптасына 25-30 тур ұйымдастырылып, мыңнан аса адам экотуриз мен киелі аймақтарды тамашалайды. Турпакеттер сатып алады. Сонымен қатар Біркөлік шатқалы отбасылық және ұжымдық мерекелер үшін таптырмас орынға айналып үлгерген.

Қазіргі таңда туристік нысандарда күрделі құрылыстар жүргізіліп, жергілікті экожүйе бұзылуда. Әлемдік тенденцияны ескере отырып, туризмді дамыту барысында экологиялық таза жобалар қолданылады. Оның бірі – визит орталықтар. Елімізде бұл жобаның тиімді кейстері бар. Облыста осындай орталықтарды Ақсу каньоны, Тұттыбұлық сарқырамасы мен Сайрамсу шатқалында жүзеге асыр ұсынылды. Алдағы уақытта нысандар маңында үш тілді ақпараттық стендтер жаңартылады. Модульді құрылымдарда ақпараттық дүңгіршек, бренд кәдесыйлар дүкені және әжетхана қамтылады. Туризмді дамытудың келесі механизмі ауқымды іс-шаралардың күнтізбесін әзірлеу және өткізу.


ПІКІР ЖАЗУ