Түркістан облысының әкімі инвесторлармен кездесті
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен кездесті. Басқосуда облыстағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Ауыл шаруашылығы өндірісіне заманауи технологияны енгізудің маңыздылығын ерекше атап өткен өңір басшысы осы бағытты дамыту бойынша бірқатар жобалалармен бөлісті. Тараптар агроөнеркәсіп саласында іскерлік қарым-қатынасты орнатуға ниетті.
Түркістан облысында жұмыс істеуге қызығушылық танытып отырған шетелдік компаниялар ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі секілді салаларды дамытуда бірлесе жұмыс жаусауға дайын. Жаңа зауыт, фабрикалардың іске қосылуы өңір халқының әл ауқатын жақсарта түспек. Ең бастысы – жаңа жұмыс орындары ашылады.
Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай Халық Республикасы үздік 5 елдің қатарына кіреді. Таяуда ғана, облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған облыс дегелациясы ҚХР-ға іссапармен барып, Түркістан облысы мен осы елдің бірқатар провинциясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Алдағы уақытта осы әріптестік негізінде тиісті жұмыстар атқарылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы қалыптастырылған. Түркістан облысында қытайлық компаниялардың қатысуымен өңіраралық кооперацияны дамытудың әлеуеті жоғары. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – индустриялық аймақтар және «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы туралы айтып берді. Аталған алаңдар инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдіктерді ұсынады. Түркістан облысы бойынша дайын инфрақұрылымы бар 9 индустриялық аймақ орналасқан. Сонымен қатар 42 шағын өнеркәсіптік аймақтың құрылысы жүргізілуде. Биыл 9 шағын өнеркәсіптік аймақтың құрылысы аяқталады деп күтілуде.
– Мемлекет басшысының екі ел арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын толығымен қолдайтыны белгілі. Озық технология саласында зор табысқа жеткен аспан асты елінің мүмкіндіктерін әлем мойындап отыр. Біз үшін біздің берлескен жобаларымызды дамыту, жаңа жобаларды жүзеге асыру – өте маңызды. Ауыл шаруашылығы саласы Түркістан облысы экономикасының негізгі драйвері болып саналады. Осы саланы дамытуда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Жақында ғана облыс делегациясының ҚХР-ға іс сапары аясында Шэньси, Хубэй, Хэнань провинцияларының губернаторларымен кездесіп, инвестиция тарту, тәжірибе алмасу және өзара қарым – қатынасты дамыту мәселелері талқыланып, екі жаққа тиімді жобаларды жүзеге асыруға келістік. Осы бағыттағы жұмыстарды бірлесе жүзеге асыруға шақырамын, — деді облыс әкімі.
Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы өнімі өткен жылы 2,3 млрд. АҚШ долларын құрады. Түркістан облысының мал шаруашылығы республикада жетекші орын алады. Мал шаруашылығы өнімі республика бойынша 11 пайыздық үлеспен 470 миллиард теңгеге жетті.
Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы достық, Ұлы Жібек жолы құрылғаннан бері дамып және өркендеп келе жатқан екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың дамуына ықпал етеді. Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» жобасының бірлескен бастамашысы және пилоттық аймағы болып табылады және ерекше әрі маңызды орын алады. Түркістан облысы ҚХР-дың өңірлерімен екіжақты өңіраралық қарым қатынасты нығайтуға қарқынды жұмыс жасап жатқаны белгілі.