ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданын дамыту тұжырымдамасы қаралды

0

Ордабасы ауданында қолайлы инвестициялық климат құру және экономикадағы өнеркәсіп саласын одан әрі дамытуға толық мүмкіндік бар. Атап айтқанда, мұнай-химиялық кластерді дамыту, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісінде, өңдеуді терең пайдалану, арнайы индустриальды аймақтарды ұлғайту, жаңа технологияларды ендіру және дамыту үшін өңдеуші өнеркәсіпке шетел компанияларын тартуға басымдық беріледі.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте Ордабасы ауданының экономикалық өсімін қамтамасыз ету бойынша аудан әкімі Азат Оралбаевтың есебі тыңдалды. Ауданның 2030 жылдарға дейінгі «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштері және резервтер туралы баяндалды. Даму тұжырымдамаларына қатысты экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризмді дамытып, жұмыспен қамту үшін тиісті басқарма басшыларының ұсыныстары қаралды.

Ауданды дамыту үшін негізінен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс атқарылмақ. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып, өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендетуді басым бағыт ретінде таңдалып отыр. Даму жоспарда аймақтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, туризм және кәсіпкерлік сынды салалар қамтылған. Стратегиялық құжат аясында барлық салаларды дамытуға бағытталған шаралар ұсынылған.

Облыс әкімі аймақты дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Зауыт, фабрикалар ашуға күш салуды, тұралап қалған өндіріс орындарын қайта жандандыруды тапсырды. Ордабасыда сауықтыру туризмін дамытуды міндеттеді.

– Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – өмір сүру сапасын жақсарту. Әкімдердің жұмысы халықтың әл-ауқатына байланысты бағаланады. Осы бағытта жан-жақты мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмысты жандандыру керек. Өндіріс орындарын көбейту үшін, қайта өңдеуді дамыту үшін. Ауданда жаңа зауыт, фабрикаларды көптеп ашып, тұралап қалған кәсіпорындарды қайта аяғынан тұрғызуға күш салу керек. Өнім көлемін арттырып, жергілікті өнімді экспортқа шығаруды жолға қою керек. Жылыжайлардың аумағын арттыру қажет. Сауықтыру туризмін дамыту маңызды. Әзірге жұмыс әлсіз. Бұл бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Жүйелі жұмыс, бағыт керек. Іздену керек, – деді Дархан Сатыбалды. 

Биылғы 7 айда Ордабасы ауданының жалпы өнім көлемі 64,3 млрд. теңгені құрап, жыл қорытындысымен 160,7 млрд. теңгеге орындалатын болды. Өңірлік өнімнің құрылымы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс салаларына тиесілі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы 2030 жылға 2 есеге арттыру жоспарлануда.

– 2024-2030 жылдары жалпы инвестициялық құны 214,6 млрд. теңгені құрайтын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салалары бойынша 79 ірі жобаларды іске асыру жоспарланды, одан түсетін болжамды салық 5 млрд. 733 млн. теңгені құрайды. Нәтижесінде 4 226 жұмыс орны ашылады. Өнеркәсіп өнім көлемі биылғы 7 айдың қорытындысымен 8,2 пайызға артып, 21,4 млрд. теңгені құрады. Жыл қорытындысымен 37,5 млрд.теңгеге жеткізіп, өсім 11,6% артады деп күтілуде. 2025 жылға 40,6 млрд.теңгеге, 2030 жылға 78,1 млрд.теңгеге жеткізу межеленді. 2024-2030 жылдар аралығында құны  168,8 млрд. теңгені құрайтын, 2 749 жұмыс орнымен, 24 жоба жүзеге асырылады,- деді аудан әкімі.

Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 52 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған Бадам индустриялды аймағы құрылған. Аймақтың жалпы жер көлемі — 102,5 га. Индустриялды аймақта 15,9 млрд. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылған. Гипсокартон бұйымдарын өндіру,  арматура шығару, қорғасын өндіру, тоқыма фабрикасын құру секілді 6 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Шұбар аумағынан 70 га өндірістік парк салу, Шұбарсу ауылынан жаңадан кіші қуатты жобаларды шоғырландыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығы саласын өсімдік шаруашылығын дамыту, мал, құс, балық шаруашылығын дамыту бойынша 4 бағытта дамыту жоспарланған. 2024 жылдың 7 айында 23,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, жыл қорытындысымен 83,2 млрд. теңгенің өнімін өндіру жоспарланған. Келер жылға өнім көлемі 94,6 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланды. Ауданда 71 мың 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, 413 мың тонна өнім жинау межеленген.


ПІКІР ЖАЗУ