ТҮРКІСТАН: Арыста конституция күніне орай салтанатты шара өтті
Конституция – кемелдік көкжиегін кеңітетін құжат. Халқымыз өз тағдырын, болашақ асуларын Конституциямен байланыстырады.
Айтулы мерекеге орай, бүгін Арыс қаласының Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты шара өтті. 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан халқы өзінің тарихи таңдауын жасады. Бұл күні бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды.
Мерекелік шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Арыс аудандық сотының төрағасы Сапархан Омаров пен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғамдық ұйымдар, зиялы қауым өкілдері мен БАҚ қызметкерлері қатысты.
Салтанатты шара оқушылардың патриоттық өлеңдер оқуымен басталды. Залға ҚР Мемлекеттік Туы мен Конституция кітабы салтанатты түрде кіргізіліп, ҚР Мемлекеттік Гимні шырқалды.
Жиында қала әкімі мен мәслихат төрағасы құттықтау сөз сөйлеп, қаланың әлеуметтік дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттады. Алғыс жарияланған азаматтар ішінде қоғамдық тәртіпті сақтаушылар, әлеуметтік сала мен қала тазалығына жауапты қызметкерлер бар. Бұдан өзге, бірқатар азаматтар қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Арыс қалалық мәслихатының мадақтау қағазымен марапатталды.
Жиын соңы қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты. Олар көрермен назарына рухты әндер шырқап, патриоттық әндермен жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.