Түркістанда ашық аспан астындағы амфитеатр ашылды

0

Конституция күні қарсаңында заманауи үлгідегі көпфункционалды ашық аспан астындағы амфитеатр ашылды. Ашылу салтанатында қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары шаһардағы белсенді жастармен кездесті.

Жиында сөз алған қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жастардың үлкен күш екенін атап өтті. Дегенмен соңғы уақытта жастар арасында алаяқтық пен құқықбұзушылық көрсеткіштерінің әлі де көңіл көншітпейтінін, ал шындығында жастарды шыңдайтын тәрбиенің төресі еңбек екенін айтып, тау қопарып, тас жаратын қайратты жастар мемлекеттің келешегі екенін жеткізді.

Шарада облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен мәдениет саласының ардагері Ұлжалғас Мұстафаева сөз сөйлеп, бүгіннің заманның басты талабы білім екенін атап өтіп, дарынды жастарды қолдауды арттыру қажеттігін, ал жастарда сол қолдауға лайықты талпыныс болу керектігін жеткізді.

Алқалы жиында Түркістандағы «Меймандостық және туризм университетінің» алғашқы түлектерінің бірі Гүлім Қалдаяқ туризм саласындағы жастардың рөлі туралы ойын айтса, белсенді мобилограф Бақжан Мырзақұл жастар орталығында замандастарына мобилография шеберлігін үйретуге ниетті екенін жеткізді. «Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің» мұғалімі Бақытжан Дүкенбай қала жастары атынан алғысын айтып, жастар орталығы жас буынды шыңдайтын қара шаңыраққа айнала берсін деген жылы лебізін білдірді. Жиын соңында әкім жастармен естелік суретке түсті.

Жалпы Түркістан қаласында 71486 жас бар. Оның 10574-і жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттер үлесінде. Орта арнаулы оқу орындарында 6743 студент білім алады.


ПІКІР ЖАЗУ