ТҮРКІСТАН: Сайрамда 500 орындық қосымша мектеп ғимараты қолданысқа берілді

0

Бүгін 1 қыркүйек – Білім күніне орай, Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Қасымбек датқа ауылында  «Бақдәулет» жекеменшік бастауыш мектебінің 500 орындық қосымша жаңа ғимараты ашылды. Салтанатты шара барысында аудан әкімі Арман Сәбитов жиынға қатысушыларды айтулы күнмен құттықтап, оқу ордасының ұжымына жүрекжарды лебізін жеткізді.

– Сіздерді жаңа оқу жылынының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Былтыр бұл ауылда  «Green school» жайлы мектебі қолданысқа берілген болатын. Міне, енді бүгін оқушыларға қолайлы жағдай қалыптастыратын алтын ұялардың қатары тағы да артып отыр. Аталған білім ордасында арт терапиялық, көңілді кітапхана, домбыра, гимнастика, шахмат және таэквондо тәрізді үйірмелер жұмыс істейді. Оқушылардың озық ойлы, бәсекеге қабілетті болуы үшін ағылшын және математика пәндері тереңдетіліп оқытылады. Жаңа оқу жылы табысты болсын! – деді аудан әкімі.

Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде білім ошақтарының құрылысы қарқынды қолға алынуда.  Сайрамда осы бағытта ашылған мектепте оқушылардың жандүниесі  жан-жақты дамып-жетілуі үшін психолог, логопед және дефектолог мамандар жұмыс істейді. Жан-жағының бәрі заманауи камералармен жабдықталған оқу ошағында оқушылардың жүріп-тұру тасымалы мен 3 мезгіл ыстық ас мәзірі де мемлекет есебінен тегін қарастырылған.

Бүгінгі маңызы мол жиын барысында қатысушы қонақтарға ұстаздардың «Жасанды интеллект» инновациялық жобасы  аясында жеткен жетістіктері таныстырылды. Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беруге бағыттаған жиын соңы мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің қоңырау соғып,  мектеп ұжымының мерекелік бағдарламасымен ұласты.  


ПІКІР ЖАЗУ