«Қолжетімді интернет»: Түркістан облысында 21 елдімекенде интернет базасы іске қосылды
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысына қарасты елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мақсатында жол картасы әзірленген. Осы ретте облыстық Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының ықпалымен өңірде интернет сапасын жақсарту және интернет базалық станциясын орнату жұмыстары жүргізілуде.
— 2024 жылға байланыс операторлары өз қаражаты есебінен 132 елді мекенде базалық станция орнату жоспарланған. Қазіргі таңда 21 шалғай елдімекенде интернет базасы іске қосылды. Қалған 111 елдімекенге антенна-мачталық құрылыс жайлары салынып, интернет базасы орнатылды. Жыл соңына дейін толық іске қосу жоспарлануда. Ал мемлекеттік бюджет есебінен қосымша 66 ауылдық елді мекенде антенна-мачталық құрылыс жайлары салынуда, — деді басқарма басшысы Марат Айнабеков.
Сондай-ақ жыл басынан бері Бәйдібек ауданы, Қазығұрт, Мақтаарал, Жетісай, Ордабасы, Сайрам ауданы, Төлеби, Түлкібас, Сауран аудандарындағы шалғай ауылдарға интернет базалары орнатылды.
Айта кетейік, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейін жалғасады.