Сайрам: «Сауатты жарнама — тіл тазалығының айнасы» акциясы жалғасын табуда

0

Аудан аумағында жарнамалардағы тіл тазалығын сақтау төңірегіндегі түсіндіру жұмыстары өз жалғасын тапты. Акция аясында ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабында Көрнекi ақпарат мәтiні кәсіп иелеріне түсіндірілді.

Аталған акция көрнекі ақпарат мәтіндерінің, коммерциялық нысандар атаулары жарнамаларының қазақ тілінде дұрыс жазылуын сараптау, түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды. Кешегі күннің нәтижесін қайта бақылау барысында рейдтік топ сол аймақтарды қайта тексерді. Кейбір нысан иелері тарапынан анықталған кемшіліктер қалпына келтіріліп, жазбалар тіл туралы заңға сәйкестендіріліп жаңартылып ілініпті. Сонымен қатар, аудан аумағындағы елдімекендерге жолаушыларды тасымалдаушы «ГАЗЕЛЬДЕРДІҢ» сыртқы жазулары кейбірі өзгертілсе, кейбіріне әдістемелік көмек ретінде үлгі қағазы үлестірілді.

Бүгінгі күні атқарылған жұмысқа келетін болсақ, Абылайхан көшесінде халық көп шоғырланған, сауда-саттық жасайтын базар аймақтарында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың жарнама жазуы, дәріханалардағы бақылау касса машинасына мемлекеттік тілдің енгізілгендігі, тамақтану орындарындағы ас мәзірлерінің мемлекеттік тілде жазылуы тексерілді. Жалпы 40-қа жуық кәсіпкерлік нысанға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде — 13-і түзетілді,  27 кәсіпкерлік нысан иесіне хабарлама берілді. 

Акция аясында аудан аумағындағы кәсіпкерлік нысандарды Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы  Даулетхан Алашбаев бастаған топтық мүшелер аралап шықты.

Тіл жанашырлары тұрғындарды көшелердегі сыртқы (көрнекі) жарнамада кездесетін кез келген қателікке бейжай қарамауға шақырып, сауатсыз жарнамаға жол бермеуге, қандайда бір заңға қайшы келетін жарнама, нысан атауларын көрген жағдайда, Сайрам ауданының тілдерді оқыту және дамыту орталығының 87752911992 нөміріндегі «Whatsapp» мессенжеріне хабарласуларын сұрайды.


ПІКІР ЖАЗУ