Балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларды мектепке даярлау кезеңінде әлеуметтік көмек көрсетілді
Ақсукент Ауылында орналасқан №20 С.Сейфуллин Атындағы Мектеп-гимназиясының ұжымы «Мектепке жол» республикалық акциясын биыл «Жақсылық жаса» ұранымен жалғастырды.
Аталған шарада аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Есалиев, Сайрам ауданы бойынша басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер төрағасы Бахтияр Батаев, ауданның бас имамы Арыстан Оспанов, аудандық мешіттің бас есепшісі Таубай Срайлов, «ЯНС» ЖШС Жолаушылар тасымалдау мекемесінің директоры Зульфикар Чилингаров, облыстық «Ауыл»партиясының мәслихат депутаты Жамшидбек Туламетовтер шәкірттердің жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, аз қамтылған 60-қа жуық оқушыға оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектер табыстады.
Айта кетейік, жалпы бұл шара аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларды мектепке даярлау кезеңінде әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған.
Шара соңында №20 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының директоры Улдана Оразбаева өз сөзінде:
— Жыл сайын дәстүрлі үрдіске айналған «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы 2024 жылғы 1 тамыз — 30 қыркүйек аралығында өткізіледі. Балаларды оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтыған ел ағаларына алғысымды білдіремін. Шәкірттерге мейірім-шуағын шашатын жаны жомарт, атымтай азаматтардың ізгі істері мұнымен шектелмейтініне сенемін. Олардың бұл қадамы бүлдіршіндердің бойында бауырмалдылық, достық және қайырымдылық секілді асыл қасиеттерді қалыптастыратынына септігін тигізері сөзсіз», — деп алғысын айтты.