Сайрам: педагогикалық тамыз конференциясы кең көлемде аталып өтті

0

Ауданымыздағы білім беру саласы қызметкерлерінің алқалы басқосуы  «DIGITAL KAZAKHSTAN: заманауи білім беру» тақырыбында ауқымды түрде аталып өтті.

Қ.Жандарбеков атындағы  аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған конференция басталмас бұрын, жиылған көпшіліктің назарына инновациялық жобалардың көрмесі ұсынылды. Мұнда білім саласының бағындырған биіктері, жиынтық жұмыстарды тексеруде, математика пәнін ағылшынша өтуде, тәжірибеге негізделген білім беруде және мектепке дейінгі мекемелерде жасанды интеллект пен инновациялық  жобаларды пайдалануы көрініс тапқан. Бұдан бөлек, білім саласының бағындырған биіктері туралы бейнеролик көрсетілді.

Алқалы жиынды ашқан аудан әкімі Арман Сәбитов қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі. Мұғалімдер қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Білім беру ісіндегі жеңістеріміз бен кемшіліктерді саралап, алдағы міндеттерді талқылайтын тамыз кеңесінің маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде, озық ойлы, отаншыл ұрпақты тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті екендігін, сондықтан, ұстаздарға жоғары жауапкершілік жүктелетіндігін жеткізді. 

Келесі кезекте аталмыш жиынды жүргізіп отырған аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Ахметов былтырғы оқу жылының қорытындысы мен алдағы атқарылатын міндеттерді баяндады.

Сонымен қатар, «Global Sapa» халықаралық Академиясының  құрылтайшысы Тлектес Шингужинова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, профессор, доценті Сакен Мажинбеков, «GREEN school» инновациялық жайлы мектебінің директоры Нұрлан Өтепов ізгі лебіздерін арнап, білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттары бойынша баяндама жасады.

Шарада аудан прокуроры Даулет Тлемисов аудан аумағында құқықбұзушылықтардың алдын алу профилактикасын түсіндірді.

Келелі конференцияда өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие мен сапалы білім берудегі жоғары жетістіктері және кәсіби шеберлігі үшін бірқатар қызметкерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. 

Жиынды қорытындылаған аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Талғатұлы сөз соңында, білім беру мекемелерінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, атап айтқанда, бүлдіршіндерді балабақшаға кезекке қою, оқушыларды 1-сыныпқа қабылдау, педагогтардың аттестациясы мен цифрлық білім беру платформаларын бағамдау, ақпараттық электрондық журнал шығару  және «Қауіпсіз мектеп» автоматтандырылған жүйесін іске қосу жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылатынын айтты.


ПІКІР ЖАЗУ