АЭС арқасында ғылым жаңа өріс алады

0

Қазіргі ахуал өзгермесе 6-7 жылға жетпей елде электр энергиясы тапшылығы басталады. Су электр стансаларын салуға тауларымыз бен одан сарқыраған өзендеріміз аздық етеді. Жылу электр стансалары тиімсіз болады. Ондай стансаға инвестор тарту да қиын. Әрі өзіміздің де халықаралық міндеттемеміз бар, инвесторлар да экологиялық салық төлемі көп шыға­тын жобаға қаржы салуға құлық­сыз.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, біз сияқты тегіс жерде жайласқан елдердің барлығы негізгі электр энергиясын АЭС-тен алады. Жазық жерде орналасқан Сауд Арабиясы мен Франция осы сөзімізге анық дәлел болмақ.

АЭС салуға батыл қадам жасауымызға тағы бір ілкімді себеп – елдегі мол уран қоры. Оны экспортқа шикізат ретінде ғана сатпай, электр энергиясына айналдырып сататын болсақ, пайда әркез біздің жағымызда болмақ. Тек электр энергиясын сатумен 2-3 млрд долларлық табыс табуға мүмкіндік бар.

Тағы бір себеп – бірнеше реактор қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Ядролық инс­титуттарымыз және онда білікті ғалымдарымыз, мамандарымыз бар. Мемлекет бұл тарапта кадр тапшылығын да туындатпаймыз деп отыр. АЭС құрылысының басталуы жастарды осы бағытқа қарай ұмтылуға жігерлендірсе керек. Аралас салаларда бірнеше жұмыс орны ашылады. Ғылым жаңа өріс алады. Физика, химия, биология мамандарына сұраныс артады. Нәтижесінде, қазіргідей тек изотоптар шығарумен шектелмейміз.

АЭС-тің орналасатын орны да тиімді. Электр энергиясы тап­шылығын қазірдің өзінде көріп отырған оңтүстік өңірге жақын. Сондықтан ішкі жалпы өнімге де, бюджетке де оң әсер етеді.

Ең маңыздысы – экологиямыздың көп мәселесін шешеді. Әсіресе қыста Алматы ауасын жылу электр стансаларынан құтқару мүмкін болады. Әбден тозығы жеткен олардың қызметін тоқтатып, бейбіт атом қуатын пайдаланамыз.


ПІКІР ЖАЗУ