Түркістанда параканоэден Қазақстан кубогы өз мәресіне жетті

0

Түркістанда олимпиадалық стандартқа сай жаңа ескек есу арнасында параканоэда есуден (тірек-қимыл аппараты зақымдалған адамдарға арналған ескек есу түрі) Қазақстан Республикасының ашық кубогын сарапқа салған жарыс аяқталды.

Спорттық бәсекенің жабылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, сайыс қорытындысында жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды құттықтады. Сондай-ақ аталған жарысқа Халықаралық байдарка және каноэда есу федерациясының (ICF) вице-президенті, спорттық басқару профессоры Сесилия Фариас арнайы келді.

– Түркістандағы ескек есу каналында алғашқы сайыс ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті. Бүгінгі бәсекеге еліміздің басқа өңірлерімен қатар көршілес Өзбекстаннан спортшылар қатысып отыр. Түркістан облыс әкімдігі тарапынан  спорттық жарыстарға қолдау көрсету жалғасады. Ескек есу каналының құрылысы толық аяқталса, Орталық Азиядағы үздік спорт кешендердің бірі болмақ. Мұнда ескек есу спортынан жарыстар өткізіп, туризмді дамытуға мүмкіндік тумақ. Облысымызда спорт саласындағы жетістіктер арта берсін, – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.

10 түрлі бағдарлама бойынша өткен жарысқа көршілес Өзбекстан елімен бірге Астана, Шымкент қалаларының және Қарағанды мен Түркістан облысының параканоэшілері қатысып, өзара мықтыны анықтады. Тартысқа толы бәсекенің нәтижесінде Қазақ елінің спортшылары 6 алтын, 3 күміс, 3 қола жүле еншіледі. Оның ішінде Түркістан облысының құрамасы 3 алтын, 1 күміс медальді иеленді. Атап айтсақ, Жалғас Тайкен, Бибарыс Спатай, Жаныл Балтабаева сынды дарынды өрендер чемпион атанып, ел намысын абыроймен қорғады.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары ескек есу каналына аралап көріп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 1-кезеңі аяқталып, Түркістан облыстық су спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің теңгеріміне берілген. Нысан құрылысы жалпы ІІІ кезеңге жоспарланған. Облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға жұмысты сапалы атқаруды тапсырды.

Халықаралық дәрежедегі ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталық 100 гектарға жуық алаңда орналасқан.

Айта кетейік, Сесилия Фариас Түркістан облысында су спортын дамыту бойынша төрешілерге арналған  теориялық-практикалық семинар өткізді.


ПІКІР ЖАЗУ