Түркістан облысында биыл 1 мың шақырымнан астам жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр
Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 700 шақырымды құрайды. 2024 жылдың қорытындысымен жақсы және қанағатты жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 93,7 пайызға жеткізу көзделген. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев мәлімдеді.
«2024 жылы жалпы 248 нысан, яғни 1 061,3 шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүрді. Жыл қорытындысымен 159 нысан немесе 559,6 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр. Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы автор, техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, «Ұлттық сапа орталығы» мекемесінің тұрақты бақылауында. Бүгінгі таңға дейін 492 рет бақылау жүргізіліп, 1 229 дана сынама алынған. Нәтижесінде 559 сынама құрылыс нормаларына сәйкес келсе, 321-і кемшілік нормадан ауытқыған. Кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, көлік қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 15 708 шаршы метр шұңқырлар жамалып, 19,6 шақырым жолға жарықтандыру шамдары орнатылды. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 10 шақырым аяқжолдар салынды. Бұдан бөлек, 650 дана жаяу жүргіншілер жолағы сызылып, 2 785,6 шақырым жол таңбаланды. Облыс аумағындағы жолдар бойына 2 042 дана жаңа жол белгісі орнатылды», — деді басқарма басшысы.
Жолаушылар көлігі саласы бойынша тоқтала кетсек, өңірде 5 автовокзал, 20 автобекет және 18 жолаушыларға қызмет көрсету пункті жұмыс істейді. 2024 жылдың 7 айында облыста 81 қоғамдық көлік жаңартылды. Оның ішінде, Түркістан қаласы бойынша тасымалдаушылар есебінен 46 жаңа автобус алынды.