ЖОЛДАУ: Түлкібас ауданында ішкі жолдардың қанағатты жағдайы 86 пайыздан артып отыр
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдегі инфрақұрылым саласында оң өзгерістер керектігін айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түлкібас ауданында тұрғындардың өтініші негізінде ішкі тозығы жеткен жолдарды ретке келтіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді.
Биылдың өзінде аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтың халық алдындағы есептік кездесулері мен жеке қабылдауларында көтерілген аймақтағы 9 елді мекеннің 26 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәселен, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Ақбиік, Жабағылы, Кемербастау, Керейт, Қараағашты және Елтай елді мекендерінің 19 көшесі республикалық бюджет есебінен, Т.Рысқұлов, Рысқұл және Таусағыз елді мекенің 7 ішкі көшесі аудандық бюджет есебінен жөнделіп, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Нәтижесіне аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердегі ішкі көшелердің жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 86,2 пайызға артып отыр.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы көп жылдан бері Сарытөр, Құлан елді мекендері тұрғындарының көкейінде жүрген аудан орталығымен байланыстырып тұрған облыстық маңызы бар 18,3 шақырымды құрайтын КХ-70 «Т.Рысқұлов-Құлан-Сарытөр» бағытындағы автожолды жөндеу жұмыстары бастау алды. Нысан келесі жылға өтпелі.