Семейдегі мұғалім оқиғасы: Директорлар сөгіс алып, білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды
Абай облысының білім басқармасы оқыс оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс жүргізгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Сенбі күні сағат 15:00-де облыс әкімінің төрағалығымен Семей қаласындағы қайғылы жағдайға байланысты жедел жұмыс кеңесі өтті. Кеңес барысында Білім басқармасына қызметтік тексеріс жүргізу, ал Денсаулық сақтау басқармасына зардап шеккен мұғалімді тәулік бойы бақылауға алу тапсырылды, — деді Білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев.
Оның сөзінше, қызметтік тексеріс нәтижесінде Семей қаласындағы үш мектептің мұғалімдері жаңажылдық шыршаны безендіру жұмысына заңсыз тартылғаны анықталды. Олардың арасында №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев жарақат алған.
Бұл жағдай Қазақстан Республикасының “Педагог мәртебесі туралы’ заңына қайшы келеді, себебі педагогтерді өздерінің тікелей міндеттерінен тыс жұмыстарға тартуға тыйым салынған.
Қазіргі уақытта зардап шеккен мұғалімге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл мәселе облыс басшылығының ерекше бақылауында. Қызметтік тексеріс нәтижелері бойынша Семей қаласындағы үш мектептің директорына қатаң тәртіптік шара қолданылды. Қалалық білім бөлімі басшысы қызметінен босатылды, — деп айтты Нұржан Ахметқалиев.
Ол болашақта осындай жағдайларға жол бермеу мақсатында білім беру ұйымдарына заң талаптарын қатаң сақтау туралы тапсырма беріліп, бақылау күшейтілгенін атап өтті.