Түрік инвесторлары Қазақстанға қайта инвестиция салуға дайын екендігін растады

0

 Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сапиевтің жұмыс сапары аясында Түркияның ірі бизнес-топтарының өкілдерімен, соның ішінде «LC Waikiki», «Alarko Holding», «Yildiz Holding», «TAV Airports Holding» және «S Sistem Lojistik» компанияларымен жемісті кездесулер өтті.

Екіжақты кездесулер барысында түрік инвесторлары қолданыстағы инвестициялық жобалардың нәтижелерін жоғары бағалап, Қазақстанның сауда-экономикалық ахуалының тартымдылығын атап өтті.

Е. Сапиев Қазақстанның тұрақты және болжамды инвестициялық климатты қолдауға бағытталған саясаты туралы айтты. Әрбір жоба кезеңінде инвесторлармен тікелей жұмыс істеуге ерекше назар аударылатынын жеткізді. Ел экономикасы тұрақты өсім қарқынын көрсетіп, шетелдік инвестицияларды тарту мен ұлғайтуға қолайлы жағдай жасап келеді.

Түрік компаниялары Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытты. Атап айтқанда, жаңа жобаларға қайта инвестиция салу мүмкіндіктері талқылануда, бұл жобалар қазірдің өзінде пысықталу кезеңінде.

Орта мерзімді перспективада түрік тарапы 500 млн АҚШ доллары көлемінде көлік, логистика және өндіріс салаларына инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нұриддин Аманқұл түрік инвесторларымен өзара тиімді қатынастарды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, шетелдік өкілдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.


ПІКІР ЖАЗУ