Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстарына дайындық сараланды
Жалпы, зиянкестерге қарсы жұмыстың маңыздылығын өткен жылдың нәтижесі шегелей түсті. Шегірткелер шаруашылыққа қауіп төндірсе, шіркейлерден адамдар зиян шекті. Бұл бағытта нақты алгоритмге сәйкес, ұйымдасқан, ғылыми тұжырымға сүйене отырып жүйелі әрі жедел әрекет жасау қажеттілігі облыс әкімінің басшылығымен талқыланып, шаралар бекітілді.
Осыған орай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына дайындықты пысықтау үшін жауапты басқарма басшыларының, аудан әкімдері орынбасарларының қатысуымен Арыс қаласында кезекті рет жиналыс өткізді.
Қазіргі таңда болжам орталығы ұсынған картаға сәйкес, облыстағы дәріленетін аймақтарда 65 топ жұмыс істейтіні белгіленді. Әр топқа химиялық өңдеуге белгілі бір аймақ бекітіліп, нәтижелі жұмыс үшін олар барлық қажеттіліктерімен қамтамасыз етілмек.
Арыс, Сарыағаш, Келес аудандарында 3 мыңнан астам азаматтың иелігіндегі жер қауіпті аймаққа енген. Нұрбол Тұрашбеков әкімдіктерге жаңа ошақтарды анықтау мен дәрілеу нәтижесін бақылауға жер иелерін қатыстыруды тапсырды.
Жұмыс штабтарын өздеріне белгіленген аймақтарда орналастыру келісілді. Штабтарға дәрілердің мерзімінде жеткізілуін, судың қолжетімділігін, олардың дәрілеу құралдарымен толық жабдықталуын қамтамасыз ету ісі тұрақты бақылауда болатыны ескертілді.
– Дайындық ақпан айының ортасына дейін аяқталуы тиіс. Жұмыстың басталуы ауа-райына байланысты екенін түсініп отырсыздар. Жер қызған кезде күбіршелерден жәндіктер жердің бетіне шығады. Екі аптада қанаттанып үлгереді. Осы екі аптада дәрілеуді, қажет болса, ауысыммен тоқтаусыз жүргізуіміз қажет, – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Облыс картасының кескінінде техникамен, ұшақпен және жаяу жүріп өңдейтін аумақтар белгіленді. Аудан, қала әкімдерінің орынбасарларына өңірлердегі дайындықты пысықтап, туындауы мүмкін өзекті мәселелер мен қажеттіліктер тізімін тез арада ұсыну тапсырылды.