Сайрамдық боксшы республикалық чемпионатта жүлделі орынды олжалады

2024 жылғы 18-24 желтоқсан күндері аралығында, Қарағанды қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында ел чемпионаты өтті.
Ересектер арасында өткен байрақты бәсекеде «Ақсу Жекпе-жек спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің түлегі Нұрғиса Тұрабеков 48 келі салмақ дәрежесінде жүлделі III-орынға ие болып, қола медаль олжалады.
Нұрғиса Тұрабеков бокспен жасөспірім кезінен бастап айналысып келеді. Оның спорттық жолы «Ақсу жекпе-жек» спорт клубында басталып, онда ол алғаш рет рингке шықты. Бокс әліппесін үйреткен алғашқы жаттықтырушылары Рашид Лапаев пен Еркін Оразалиев оның жасынан-ақ күрделі жарыстарда сынға түсіп, өз мүмкіндіктерін таныта білуіне жол ашты.
Нұрғиса үшін бокс тек спорт емес, ол — өмірінің маңызды бөлігі. Жаттығулар мен жарыстар оған күш-жігер, төзімділік және қайраттылықты үйретті.
Нұрғиса Тұрабековтың бокстан ересектер арасында өткен ел чемпионатында жүлделі III-орынға ие болуы — жарыс жолындағы бір белесі ғана. Нақтырақ айтқанда, бұл жеңіс оның болашақта биік белестерді бағындыру бағытындағы бастапқы баспалдағы.
Ол осы сайыста алған тәжірибиесін әрі қарай жетілдіріп, өз шеберлігін шыңдайтын болады. Болашақта бұл жеңістерімен еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда желбіретуді мақсат етеді.
Айта кетейік, Нұрғиса Тұрабеков қазіргі уақытта бокстан әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Қайрат Ералиев басқаратын Түркістан кәсіпқой бокс клубында жаттығады. Бұл клубтың тәжірибиелі жаттықтырушылары мен кәсіби командасы Нұрғисаның спорттық мансапта жаңа деңгейге көтеруге үлкен үлес қосуда.