Сайрам: «Қоғамдық келісім» өкілдерімен педагогикалық-психологиялық ахуалды жақсартуға арналған кездесу өтті

Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылындағы № 17 жалпы білім беру мектебінің мәжіліс залында мектеп ұжымымен педагогикалық әдептің бұзылуының алдын алуға және ұжымның адамгершілік психологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған кездесу өтті.
Кездесуге Түркістан облысының білім саласының «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Кеңес мүшесі Байғұт Нышан, «Қоғамдық Келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалы басшысы Базарбай Айтбаев, Қарабұлақ ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдирасул Ахмедов, «Amanat» партиясы Сайрам аудандық филиалының Қарабұлақ бастауыш партия ұйымының төрағасы Улуғбек Баялиев қатысты.
Кездесуде Н.Байғұт ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №190 бұйрығы негізінде бекітілген Педагогикалық әдептің кейбір мәселелеріне кеңірек тоқталды. Аталған құжаттың негізгі қағидаттарына және кеңес құрамының міндеттері мен құқықтарына қатысты пікірін білдірді.
Ал Базарбай Айтбаев өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбаты жайлы өз ойын ортаға салды. Қазақ тілін дамыту, мәдениетті қолдау, білім беру жүйесін жаңғырту және жастарды қолдаудың маңыздылығын ерекше тілге тиек етті.
Сондай-ақ, мемлекет басшысының: «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте, жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. «Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз. Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру керек екендігін қолдау қажет» — деген сұхбаттағы сүбелі сөздері азаматтар үшін елді дамытудың басым бағыты екенін атап айтты.
Бұдан бөлек, 2025 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына орай өтетін бірлескен жоспарлы іс-шараларда белсенділік танытуға шақырды.
Кездесу барысында жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде ой қозғалып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Сонымен қатар, жиналған жұртшылық өздерін толғандырған көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мардымды жауаптар алды.