ШЫМКЕНТ: «Шымсити» және «Тұран» шағын аудандарындағы құрылыс қарқыны бәсеңдемейді
Жаңадан тұрғызылып жатқан шағын аудандардың құрылыс барысы қала басшылығының тұрақты бақылауына алынған. Құрылыс алаңдарының басында сала жетекшілері және мердігер ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жүйелі түрде жұмыс жиындары өткізілуде.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Шымсити» және «Тұран» шағын аудандарындағы құрылыс жұмыстарының қарқынын бүгін қала әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов қадағалады.
Аппарат басшысы алдымен «Шымсити» шағын ауданындағы көпқабатты үйлерге жылу беретін қазандықтың қысқы кезеңге дайындығымен танысты. Модульды жылу қазандығының жүйесі толық автоматтандырылған, арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы басқарылады. Нысан басында қала әкімі Мұрат Әйтеновтің жылыту маусымына дайындықты ұйымдастыру жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
«Тұран» шағын ауданында қала әкімінің аппарат басшысы құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған мердігер ұйымдар өкілдерімен жұмыс жиынын өткізді. Құрылыс штабында өткен кездесуде баспана салу барысында өндірістік кестенің сақталуы, ішкі орамдық жолдардың сапасы, жарықтандыру мәселесі, су жүйелерін жүргізу, аяқжолдар салу және абаттандыру мәселесі бойынша қала басшысының берген тапсырмаларының іске асырылуы пысықталды. Аталған мәселелер бойынша тапсырыс беруші қалалық басқармалар қойып отырған талаптар мен мердігер ұйымдардың орындаушылық тәртібі талқыланды.
Жиын қорытындысымен қала әкімінің аппарат басшысы ішкі орамдық су жүйелері мен абаттандыру мәселелері бойынша жұмысшылар атқарып жатқан істерді зерделеді.