ТҮРКІСТАН: Төлебиліктер форель шаруашылығын дамытуды қолға алды
Төлеби ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінгі таңда, аудан аумағында осы кәсіпті қолға алған кәсіпкерлер саны 16-ға жетті. Мәселен, былтыр 4 кәсіпкер өз қаржысымен балық шаруашылығын ашып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Солардың бірі – «Сарсенов Сакен» ЖШС. Киелітас ауылдық округінде 0,14 га жерде балық ұстауға арналған бассейн жасап, 1500 дана сазан, 500 дана ақ амур және 5000 дана дөңмаңдай балықтарын өсіруде. Кәсіпкер балық шаруашылығынан бөлек демалыс аймағының құрылысын аяқтап, пайдалануға ұсынды.
Сонымен қатар жеке кәсіпкер Исмаил Абдуллаев иелігіндегі 0,20 га жерге арнайы тоған жасап, 4000 дана сазан және 6000 дана тұқы балығын өндіруде.
Таулы аймақ кәсіпкерлері де балықтың суық суға төзімді форель түрін өсіруді қолға алды. Жеке кәсіпкерлер Жұмағали Қияқов, Олжас Сұлтанқұлов Қаратөбе ауылдық округіндегі жерлеріне 3000 дана және 10 мың дана форель балықтарын өсіріп жатыр.
Қызыл балық тұқымдастарға жататын оның бәсі биік, нарықта сұраныс жоғары. Кәсіпкерлер форель шабағын алдырып, арнайы қоректендіреді. Шаруашылық басшылары форельмен алғаш рет айналысып отырса да, әзірге ұсақ шабақтарды өсіруде күрделі мәселе туындамағанын айтады.
Одан бөлек, «Шымкентбалық» ЖШС Бірінші Мамыр ауылдық округінде орналасқан 2 га жерде жерде балық ұстауға арналған бассейн жасап, форель балықтарын өсіріп, жылына 300 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.