ТҮРКІСТАН: Төреарық ауылына табиғи газ берілді
Түркістан облысындағы Ордабасы ауданы, Қараспан ауыл округіне қарасты Төреарық елді мекенінде газ құбырынның құрылысы аяқталып, іске қосылды.
«Компания ГазСтрой» мердігер мекемесі құрылыс жұмыстарын 2021 жылы бастап, биыл пайдалануға тапсырды. Жалпы ұзындығы 10,059 шақырымды құрайтын құбыр арқылы 220-дан астам абонетке «көгілдір отын» жеткізілді.
Тұрғындардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық маслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков арнайы келіп, ізгі ниеттерін жеткізді.
– Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауылдарда қаладағыдай жағдай жасалуда. Алдағы уақытта ауыл тұрғындары қатты отын тұтынудан арылып, табиғи газ тұтынады. Осы орайда баршаңызды газ құрылысының іске қосылуымен құттықтаймын, – деді аудан әкімі.
Салтанатты шарада ауыл ақсақалдары мен халық қалаулылары «көгілдір отынның» алауын жағып, ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісті.
Айта кетейік, аудан бойынша 57 елді мекен болса, оның ішінде 35 елді мекен табиғи газбен қамтылған. (61,4 %). Қазіргі уақытта аудандағы Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамту құрылысы 4 кезеңмен іске асырылуда.